383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында трактор, комбайндардың 70%-нің пайдалану мерзімі өтіп кеткен

  • 177
  • UPD: 22:43, 28.06.2019

Отандық ауыл шаруашылығы техникалары өндірісін дамыту керек.

Диқандар қауымының осындай тілегі бар. Қазір Қостанай облысындағы трактор, комбайндардың 70 процентінің пайдалану мерзімі асып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жарты ғасырлық тәжірибесі бар қостанайлық шаруа Максим Артемук 40 мың гектардан астам алқапқа дән себеді. Осыншама ауқымды көлемді игеру үшін өнімді де тиімді техника қажет. Сондықтан шаруашылық басшысы жаңа трактор не комбайн аларда оның экономикалық-техникалық сипаттамасына аса мән береді.               

Максим Артемук, шаруашылық басшысы:

– Мысалы, шетелдік бір John Deer дән себу кешеніне кететін  ақшаға дала жұмыстарын атқаруға қажетті бірнеше техника сатып алуға болады. Осылайша шығынды үнемдей отырып, біз комбайн паркін жаңартып алдық. Бұрынғы Енисейлерді  толықтай  Қазақстанда шығарылатын  Есіл 740 комбайндарына алмастырдық. 

Бір жылдары бұл шаруашылық гектарынан 30 центнерге дейін өнім алған. Ал құрғақшылық кездері шамамен 14-15 центнерден айналады. Тәуекелі көп егіншілік кәсіп, әрине, бірінші кезекте техникаға тәуелді. Сондықтан қазір қолда бар 56 комбайнды күзгі жиын-терімге дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Механизатор Виктор Охрамов отандық техникалар шетелдікінен әсте кем еместігін, тіпті артықшылығы бар екендігін айтады. 

Виктор Охрамов, механизатор:

– Бұрынғыларға қарағанда бұл комбайндардың өнімділігі жоғары. Кабинасы жайлы, ыңғайлы. Кейбір техникалық сипаттамалары жағынан тіпті шетелдікінен асып түседі. Мысалы, мынау шкиф импорттық техникаларда алюминийден жасалады. Ал мұнда шойыннан құйылған. Сондықтан берік, бірнеше маусымға шыдайды.

Мамандардың айтуынша, отандықтық техникалардың басты артықшылығы – тоқтаусыз жүретіндігі. Себебі бір ақау шықса, зауыт іргеде, бөлшегін лезде ауыстыруға мүмкіндік бар. Ал шетелдік комбайндардың егін орағы бойы қаңтарылып тұрып қалған кезі болған. 

Юрий Богдан, бригадир:

– Импорттық техниканың қосалқы бөлшектерін ұзақ күтесің. Германия, Канададан пароммен жеткізілгенше күндер емес, айлар өтеді. Ал бізде бұл жағы толық реттелген. Қостанайда трактордың қосалқы бөлшектерін қамтамасыз ететін дилерлік орталықтар бар. Сондықтан өте ыңғайлы.

Енді бізде ауылшаруашылық техникаларымен қоса топырақ өңдейтін құрал-жабдықтар шығарылса деген шаруалардың  тілегі бар. Бір-екі жерде өндірілетін соқа-тырмалар аздық етеді. Сондықтан оның бәрін шетелден сатып алуға мәжбүр. 

Максим Артемук, шаруашылық басшысы:

– Қажетті техникалар өзімізде өндірілсе, қаншама тиімді болар еді. Бұрын Қазақстанда топырақ өңдейтін құрал-жабдықтар шығаратын зауыт болған. Қазір сол керек-жарақты Ресейден, Беларусьтен алдыртамыз. Егер машина, техника шығаратын отандық кәсіпорындарға қолдау көрсетілмесе, алға дамуымыз неғайбыл.    

Максим Артемук шалғайдағы ауылдың әлеуметтік жағдайын да құлдыратып алмау маңызды деп біледі. Сондықтан да бірнеше жаңа өндіріс орнын ашқан. Қазір Қарасу ауданындағы Октябрь елді мекенінде наубайхана, сүт өнімдерін, шұжық шығаратын цехтар жұмыс істеп тұр. Жергілікті шаруашылық иесінің ауылда жаңа әлеуметтік нысан салсам деген ойы бар. Спорт кешенінің құрылысы таяуда басталуға тиіс. «Ебін тапқанның есебі түгел» деген осындайда айтылса керек.  

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров

Хабар 24 телеарнасы