384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Балқаш тұрғындары көк түтінге тұншығып отыр

  • 184
  • UPD: 22:42, 28.06.2019

Шаһардың іргесіндегі полигон әлдеқашан күл-қоқысқа толып, қаңғыбастардың мекеніне айналған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Темір-терсек іздеген олар үнемі тұрмыстық қалдықтарды өртейді екен. Содан шыққан қою түтін қаланың шеткі көшелерін басып кетеді.

Аумағы 8 гектарды алып жатқан полигон Балқаш қаласынан небәрі 6 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазір мұнда 750 мың тонна күл-қоқыс бей-берекет шашылып жатыр. Мамандардың айтуынша, 2005 жылы ашылған бұл полигон әлдеқашан толған. Астында қалған темір-терсекті жинау үшін қаңғыбастар өрт қояды екен. Ал жел терісінен соққанда, қаланың шеткі көшелерінде тұратын халық көк түтіннен көз ашпай қалады.

Марат Ақберліұлы, қала тұрғыны:

– Бұрын тексеріп отыратын, өрт болса, бірден сөндіріп тастайтын. Ал соңғы жылдары жағады да тастайды. Күні-түні тереземізді аша алмаймыз. Көк түтін, жалғыз қағаз болса бір жөн ғой, онда пластик бөтелкелер барын білеміз ғой.

Сандуғаш Қасымбекова, қала тұрғыны:

– Жел батыс жақтан соқса, осы ауланың барлығын алып кетеді. Кешке жақын терезе ашу мүмкін емес. Бала-шағаны қамап, үйде отырамыз. Түтіннің иісі адамның кеудесін алып қалады. Мен ІІІ топтағы мүгедекпін. Ол кезде шықпаймын далаға.

Қазір Балқаш қаласынан тәулігіне 50-60 тонна қоқыс шығады. Ескі полигон толып кеткендіктен, жаңасын салу туралы шешім қабылданған. Ол елді мекеннен 16 шақырым қашықтықта болмақ, әрі аумағы екі есеге үлкен, яғни 20 гектар болады.    

Болат Асылбеков, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Жаңа полигон салу үшін тиісті жер телімі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары реттелді. Экологиялық заңға енгізілген өзгерістерді ескере отырып, енді ескі полигондағы тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату керек.

Қазір бұл істі қолға алуға екі бірдей кәсіпкер ниет танытып отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мұнда күл-қоқысты сұрыптап, өңдейтін шағын кәсіпорын салынбақ. Құрылыс жұмыстары биыл басталады, ал жуырда полигонға күзет қойылмақ.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы