384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арысты жөндеу жұмыстарына ел өңірлерінен 160 арнайы бригада келеді

  • 227
  • UPD: 14:04, 29.06.2019

Арыс тұрғындары үйлеріне оралып, қалада тіршілік қайта жанданды.

Шаһар 17 учаскіге бөлініп, қаланы қалыпқа келтіру жұмыстары басталғанын білеміз.

Арыс қаласы 17 секторға бөлініп, қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Оған облыстың аудан, қала әкімдіктерінен жалпы саны 640 жауапты азамат бекітілген. Әрбір 10 үйге 1 қызметкерден жауапты. Қалада алғашқылардың бірі болып, көрші Жамбыл облысының штабы құрылды. Оларға бекітілген 3-сектордағы 9 көшеде 327 жеке тұрғын үй орналасқан. Әулиеаталықтарға осы нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүктелді. Жамбылдықтардың штабы 200 жұмысшыға арналған 10 шатыр, 10 электргенераторы және 3 тонналық су цистернасымен қамтылған. Штаб жұмысына 170 адам жұмылдырылған. Олардың 6-ы тауардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен, 10-ны ұлттық сараптама орталығының Жамбыл облыстық филиалынан, 16 адам обаға қарсы стансадан және бұл жұмыстарға 6 технка жұмылдырылған. Қазір сектор 4 аумаққа бөлініп, 170 адамнан тұратын  22 топ құрылған. Олар 9 көшедегі әрбір үйді жеке-жеке аралап, бұзылған нысандарға фото-видео фиксация жасауда. Шығындарды есептеп, құжаттамасын әзірлеуде. Бүгінге дейін 138 нысан толық зерделеуден өткен.

Нұрлан Мақашев, Жамбыл облыстық штабының мүшесі:

– Көбінесе мұнда үйлердің есік-терезелері сынған, төбелері түскен. Қабырғаларында да сызықтар бар. Бүгінгі күні 200 құрылысшы құрал-жабдықтарымен толық дайын. Бұйрық күтіп отыр. 1 ай ішінде барлық 327 үй толық жөнделіп бітеді.

Қазірге дейін 4 көшеде орналасқан 176 үйге толығымен шолу жасалған. Қызметкерлер ақпараттық түсіндіру және дезинфекциялау жұмыстарын жүргізген. Жалпы арыстықтарға құрылыс-жөндеу жұмыстарына көмек беру үшін еліміздің барлық өңірінен 160 арнайы бригада келеді. Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бір ай бойы Арыс қаласында тұрып, қаланы қалпына келтіру жұмыстарын өз бақылауында ұстайды.

Хабар 24 телеарнасы