389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда мен Теміртауды жалғайтын жолмен жүру ақысы қымбаттады

  • 291
  • UPD: 23:43, 29.06.2019

Нұр-Сұлтан мен Теміртау қаласының арасына көлікпен қатынайтын жүргізушілер бұдан былай 400 теңге төлейді.

Жол ақысы жуырда қымбаттады. Алайда алдын ала төлем жасасаңыз, екі есеге арзанға түседі.

Бұл әрі пост-терминалдан кедергісіз өтіп кетуге қолайлы екен. Ал жолаушылардың пікірі қандай?

Еліміздегі ең қымбат жол учаскесі Нұр-Сұлтан мен Теміртаудың арасында. Небәрі 134 шақырым жолға 400 теңге төлейсіз. Ал ұзындығы дәл осындай Алматы-Қапшағай арасындағы жол құны 200 теңге екен. Жүргізушілердің кейбірі бұл тарифпен келіссе, енді бірі наразы.

Ерлан Әсенов, жүргізуші:

- Күнде жүремін Астанаға. Маған 200 теңге ыңғайлы. Мен телефон арқылы төлеймін. Сол маған ыңғайлы болып тұр. Жақсы, болады жүруге.

Айтжан Кеңесов, жүргізуші:

- Жұрттың бәрінің, халықтың бәрінің жағдайы келе бермейді. Наразы болып жатыр қымбат деп. Ал мен жылына бір рет жүремін, маған енді 400 теңгеге болады. Егер күніге жүретін болсам, әрине, 400 теңге қымбат.

Нұр-Сұлтан мен Теміртау арасына жиі қатынайтындар үшін алдын-ала төлем жасаған тиімді. Екі есеге арзан. Жол ақысын кез-келген терминал немесе ғаламтор арқылы төлеуге болады. Көліктің мемлекеттік тіркеу номерін камералар автоматты түрде базадан тексереді. Егер есеп-шотыңызда ақша болса, кедергісіз өтіп кетесіз.

Айбол Түсіпбаев, Нұр-Сұлтан-Теміртау жол учаскесінің басшысы:

- Жол ақысын алдын ала төлесеңіз біріншіден арзан, әрі кезек күтіп уақыт жоғалтпайсыз. Біздің мақсатымыз да сол, бекеттің бойында көлік кептелісін болдырмау. Себебі пост-терминалға төлегенде сәл кідіруге тура келеді. 

Мамандардың айтуынша, бұл жолдан жаз айларында тәулігіне 20 мыңға дейін көлік өтеді екен. Сондықтан жылына 1,5 миллиард теңге қаржы түседі деп болжанып отыр. Бұл ақша келешекте төрт жолақты автобанды күтіп ұстауға жұмсалмақ.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы