383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қалыпқа келтіру жұмыстарына көмек беру үшін Арысқа 170 бригада барды

  • 242
  • UPD: 22:18, 29.06.2019
Қалыпқа келтіру жұмыстарына көмек беру үшін Арысқа 170 бригада барды

Арыстағы 7700-ден астам тұрғын үй толық жөндеуден өтеді. Қаланы 17 секторға бөліп, қалпына келтіру жұмыстары басталды.

Бүгін жамбылдықтар алғашқылардың бірі болып, өздеріне тиесілі 3-секторда орналасқан үйлерді қалпына келтіруге кірісті. 

Ал жарылыстан баспаналары бүлініп, тұруға жарамай қалған тұрғындар үшін қаладағы Ережепбай Молдабаев атындағы орта мектепте 800 орындық уақытша қоныстану бөлмелері дайындалды. 

Осы аптада Арыс халқы үйлеріне оралды. Бүгінде тұрғындардың басым бөлігі баспаналарын жөндетіп алуға әрекет етіп жатыр. Ол үшін Арыс қаласын 13 секторға бөліп, қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Әр облыс өзіне бекітілген аумақтың жұмысына жауапты. Қазір барлық секторда тазалау, залалсыздандыру жұмыстары аяқталды. Енді тек құрылысты бастау қалды. Сектор жұмысына облыстың аудан, қала әкімдіктерінен жалпы саны 640 жауапты азамат бекітілді. Олар зардап шеккен тұрғындардың бұзылған үйлеріне фото-видео-фиксация жасап, шығындарын есептеуге көмектесті. Қалада алғашқылардың бірі болып, көрші Жамбыл облысының штабы құрылды. Олар Шардара ауданымен бірлесіп, өздеріне бөлінген 3-секторды қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті. Мұндағы 9 көшеде 327 жеке тұрғын үй орналасқан. Әулиеаталықтарға осы нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүктелді.  

Нұрлан Мақашев, Жамбыл облыстық штабының мүшесі:

- Көбінесе мұнда үйлердің есік-терезелері сынған, төбелері түскен. Қабырғаларында да сызықтар бар. Бүгінгі күні 200 құрылысшы құрал-жабдықтарымен толық дайын. Бұйрық күтіп отыр. 1 ай ішінде барлық 327 үй толық жөнделіп бітеді.

Айта кетейік, арыстықтарға құрылыс-жөндеу жұмыстарына көмек беру үшін еліміздің 16 облысынан және Нұр-Сұлтан қаласынан 170  арнайы бригада келеді.  Құрылыс жұмыстары 1 айдың ішінде толық аяқталуы тиіс. Жалпы Арыс қаласында 7700-ден астам үй болса, соның 80 пайызының шатыры мен есік-терезелері жарылыстан зардап шеккен. 21 жеке тұрғын үй өртеніп кеткен. Онда 28 отбасы тұрған. Бүлінген үйлердің орнына жаңа баспана салынады. Қазір жарылыстың салдырана баспанасы мүлде тұруға жарамсыз боп қалған тұрғындар 800 орындық мектепке уақытша жайғасты.

Бұл орталықта қоныстанушылар үйлері толық жөнделген соң өз шаңырақтарына оралады. Арыстағы апаттан зардап шеккен тұрғындарға, әсіресе балаларға алғашқы  күннен бастап 180 психолог маман көмек көрсетуде. Себебі мұндай ауыр соққы алған сәбидің күні ертең қоршаған ортаға  деген көзқарасы өзгеруі мүмкін. Сондай-ақ қаладағы су жүйесі толық қалпына келтірілді.Орталық магистралға снаряд түсіп, 1500 абонент сусыз қалған болатын. Қазір ақау қалпына келтірілді. Арыс қаласының тұрғындарына республиканың түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек келуде. Аталған көмек мұқтаж жандардың өтініміне сай беріліп жатыр.

Әлі күнге дейін әлеуметтік желілерде «Арыс қаласында радиация жоспарлы мөлшерден асып кетіпті» деген  қауесет сөздер тарап жатыр. Бірақ жарылыс болған күннен бастап, апат аймағында жұмыс жүргізген еліміздің экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев апта ішінде бұл ақпараттың жалған екенін, Арыста ешқандай да радиация жоқ екенін мәлімдеді. Сапасын тексеру үшін бүгінге дейін 48 көрсеткіші бойынша сынама алынған. Жүргізілген талдаулардың нәтижесінде жер үсті сулары мен атмосфералық ауадан жоғары ластану анықталмаған. Сондықтан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев те халықты әлеуметтік желіге емес, ресми ақпаратқа сенуге шақырды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы