384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралдағы ерлік лагерінде биыл 200 шәкірт тәлім алды

  • 583
  • UPD: 15:24, 30.06.2019

Оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беруде Орал қаласындағы «Қайсар» лагерінің орны ерекше, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Осыдан 9 жыл бұрын ауған соғысы ардагерлерінің бастамасымен ашылған лагерь әскери оқу орнына түскісі келетін балаларға арналған.  5-9 сынып шәкірттері мұнда бір апта бойы шатырда түнеп, таза ауада өмір сүреді, дене дайындықтарын шыңдап, түрлі қару-жарақпен танысады.

Жаз жайнатып, күн күлдірген көңілді каникул мен патриоттық тәрбиенің ұштасқан жері – «Қайсар» лагері. Мұнда бәрі де әскердегідей. Жас жауынгерлердің демалыс орнын қарулы кезекшілер күзетеді. Таңғы алтыда командирдің қатаң бұйрығымен оянған балалар сап түзеп адымдайды, жүгіреді. Темірдей тәртіпке ешбірі қабақ шытпайды.

Алмас Ғалиев, 9 сынып оқушысы:

– «Подъем» деп оятқанда, әскери киіммен таң ата жүгіріп келе жатқанда өзімді әскери қызметкер сияқты сезініп кетемін. Менің үйімде ағаларым әскери. Соларға еліктеп өсіп келемін. Отанымды қорғағым келеді. Нағыз азамат болғым келеді.

«Қайсар» ерлік лагері ашылған 9 жылда 1800 бала әскери-патриоттық тәрбиемен қамтылған. Биыл да 4 ауысымда 200 оқушы демалыпты. Дене дайындықтарын шыңдаумен қатар оқушылар қару-жарақтың қыр-сырын үйренеді.

Бастапқыда «Қайсар» «қиын» балаларға арналса, бүгінде мұнда өзін әскери өмірге арнағысы келетін оқушылар қабылданады. «Осы лагерьде алған машық-дағдылардың кейінгі өмірде көмегі көп», – дейді мамандар. 

Мерей Отаров, лагерьдің штаб бастығы:

– Бір ерекшелігі, балалар ұялы телефонсыз. Ата-аналар біледі «Қайсар» лагерінде екенін, мектеп біледі. Оларға телефон не керек, сондықтан ешқандай ұялы байланыссыз, интернетсіз, таза ауада осындай патриоттық рухты күшейтіп, бақыт құсы қонған тәуелсіз еліміздің болашақ ұрпақтарын тәрбиелеп жатырмыз.

Бүгін лагерьдегі соңғы ауысымның соңғы күні. Ұйқысынан оңайлықпен оянбай, телефонға телміргенде тамақты естен шығаратын бір-бір үйдің еркелері осы бес күнде ерекше есейгендей. Мұны ата-аналар да мойындайды. 

Дамира Айғалиева, қала тұрғыны:

– Ер бала – Отанымыздың қорғанышы. Сондықтан ер азаматқа тән өзінің қасиеттері болуы керек. Соны біз жұмыс бабымен бере де алмаймыз. Сондықтан осындай лагерьлер керек деп ойлаймыз.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы