383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Нұрлы жер»: БҚО-да 21 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр

  • 195
  • UPD: 15:23, 30.06.2019

Батыс Қазақстан облысының шалғай елді мекендерінде тұрғын үй құрылысы қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мәселен, Жәнібек, Қаратөбе, Бәйтерек және Жаңақала аудандарында ауылдықтарға барлық инфрақұрылымдары тартылған жеке жер телімін беру ісі жолға қойылды. Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған баспанаға негізінен мұқтаж жандар ие болады. Тұрғын үйлердің көптеп бой көтеруіне құрылыс материалдарын алыс ауылдарға жеткізуші кәсіпкерлер де өз үлесін қосып отыр. 

Мәлика Жетпісова биыл 5 сыныпты тәмамдапты. Оқуда озат жеткіншек 7 айлығынан бері нағашы әжесінің тәрбиесінде. Тіркеуде Қаратөбе ауылында тұрғанымен, біраз жыл қалада туыстарымен бірге пәтер жалдап жүрген. Кейін кезегі келіп, осы баспанаға қолдары жетіпті.   

Клара Аманқұлова, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

– Ата-анасының қамқорлығынсыз қалды, содан бағып қалдым. Анасы қалада тұрғанда қайтты. Соны өзім бағып отырмын, қамқоршысымын. Жылы үй жақсы, су, газ, жарық – бәрі бар.

Қаратөбе ауданы бойынша әртүрлі санаттағы 200-ден астам тұрғын баспана кезегінде тұр. Олардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында 150 бір пәтерлік тұрғын үйлердің құрылысы басталған. Мәселен, шатырларының түсіне бола «қызыл өрік» атанып кеткен шағын ауданда қазір 42 үй бар. Жаңа баспана негізінен мұқтаж азаматтар мен кезектегі тұрғындарға беріледі.            

Жанат Асантаев, Қаратөбе ауданының әкімі:

– Аудан көлемінде қазір 255 адам жер кезегінде тұр. Былтыр біз 87 адамға инфрақұрылымы, суы, газы, электр энергиясы жүргізілген 87 учаске бердік. Жалпы, 144 жер учаскесіне инфрақұрылым жүргізу ойымызда бар. Ол да алдағы уақытта әркімге өз үйін өз қалауынша салуға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Баспанамен өзін қамту үшін. 

Ал көршілес Жаңақала ауылында тұрғындарға барлық инфрақұрылымымен қамтылған мыңнан аса жер телімі беріліпті. Қазір ауданда жеке үй құрылысы қызу жүріп жатыр. Құрылыс материалдарын алу үшін қалаға сабылудың қажеті жоқ.  

Дариға Халелова, Жаңақала ауылының тұрғыны:

– Үй салып жатырмыз, сол үйге құрал-саймандарды осы жерден аламыз. Үйдің ішіне де, сыртына да керек-жарақтың бәрін аламыз.

Серік Ибрашев, кәсіпкер:

– Жаңақала ауданы қазір жылдан-жылға көркейіп жатыр. Сондықтан біз Оралдан, РФ-дан осындай құрылыс материалдарын тасимыз, үлкен база салып, халыққа жұмыс істейміз. Халық өте риза, осы Орал мен Ресей арасындағы баға қолжетімді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында облыста 21 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Соның ішінде 434 пәтерлік 119 баспана алыс ауылдарда салынады. Жалпы, жыл соңына дейін аймақта 450 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарда бар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы