383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыс тұрғындарына радиациядан қауіптенуге негіз жоқ

  • 184
  • UPD: 19:51, 30.06.2019

Арыс тұрғындарына радиациядан қауіптенуге негіз жоқ деп жарылыс аумағында бірнеше рет зерттеу жұмыстарын жүргізген әскери мамандар мәлімдеді.

Сондай-ақ күллі қазақ елінен арыстықтарға арналып азық-түлік тиелген жүк көліктері толассыз келіп жатыр.

Әскерилер арнайы құрылғымен Арыстың айналасы мен қала көшелерін сүзіп, өлшеп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мамандар қоршаған ортаға радиациялық, химиялық және биологиялық қауіп жоқ екендігін айтады.

Серікжан Тоқболатов, ҚР ҚК «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының өкілі:

– Жанған аймақтың барысында көрсетілген өлшемдер 0,14 микрозивирт көрсетіп тұр. Қазақстан бойынша санитарлық ереже бойынша ол көрсеткіш 0,30-дан аспау керек. Сондықтан көріп тұрғандарыңыздай, 0,14 өлшем 2 есе кіші екенін көріп тұрсыздар.

Арысқа бір апта көлемінде еліміздің түкпір-түкпірінен 270 тоннадай азық-түлік жеткізілген. Бүгіннің өзінде Қарағанды облысынан және елорда мен Алматыдан қажетті заттар тиелген жүк көліктері келді.

Наурызбай қажы Өтпенов, ҚМДБ 1-найб муфтиі:

– Елорда тұрғындарының көмегін, көрпе-төсек, күнделікті адамға қажетті дүниелер және азық-түлік алып келдік. Оған қоса Алматы қаласы мешіттердің ұйымдастыруымен тағы да көмектер келді. Және Маңғыстау облысы, Шымкент қаласындағы жастар секторының өкілдері ұйымдастыруымен бірнеше көлік Арыс қаласына жеткізілді.

Сәкен Қалқаманов, Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі:

– 200 тоннаға жуық азық-түлікті әр көшеге таратып бердік. Қазір резервте 70 тоннадай бар. Келетін 10 фура. Күнде осы тамақты таратып тұрамыз.

Қазіргі таңда Арыстағы жарық желілері мен су жүйелері іске қосылды. Сондай-ақ қалаішілік жолаушылар тасымалы ретке келтірілді. Бүгін сонымен қатар арыстық 340 бала Бурабай мен елордадағы лагерлерге жөнелтілді.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы