384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бастау Бизнес: БҚО-да өз кәсібін өрістеткендер көбейді

  • 161
  • UPD: 21:53, 30.06.2019

Батыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындары «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының игілігін көре бастады.

Оның қатысушылары 16 миллион теңге көлеміндегі қолжетімді несиеге қол жеткізе алады. Қазірге дейін мақұлданған жобалар аясында аймақта 28 мыңдай жұмыс орны сақталып, 5 мыңнан аса адам екі қолға бір күрек тапты.

Екі ұлдың анасы Айна Айденова біраз жыл мектепте мұғалім болыпты. Бірақ бизнес негіздерін меңгеріп, өз кәсібімді өрістетсем деген ой оны жиі мазалайтын. Ақыры аудандық жұмыспен қамту орталығына келіп, мемлекеттік бағдарлама бағыттарымен жақынырақ танысты. «Бастау бизнес» жобасы бойынша білімін толықтырып, 240 мың теңге несие грантын иеленді. Осы қаржының көмегімен керек құралдарын сатып алды. Ғимаратты салуға күйеуі көмектесті. Қаламды қайшыға айырбастаған келіншек көңілі қалаған істі шырқ үйіріп әкетті.

Айна Айденова, шаштараз:

– Алдағы мақсатым осы салонды ұлғайтқым келеді. Жұмысқа адамдар алғым келеді. Қазір өзім істеп жатырмын бәрін.

Ақжайық ауданында жыл басынан бері мыңға тарта адам жұмыспен қамту шараларына тартылыпты. 600-ден астам отбасы жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек алды. Дегенмен бағдарламаның түпкі мақсаты масылдықты жойып, мұқтаж жандарды кедейшіліктен құтқару, дейді мамандар.

Бақтыгүл Ержанова, Ақжайық аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– Еңбек нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберінде төмен пайызбен жұмыссыздарға несие беріледі. Бұл да бір керемет өз ісін ойындағы кәсібін ашқысы келетін азаматтар болса солардың ісін жалғасытыруға мүмкіндік береді. Өйткені оның пайызы 6 пайызбен.

«Азаматына қарап, ауылын таны» демекші, туған өлкесін түлетуге атсалысып жүрген жандардың бірі – жаңақалалық Хамит Сәбенов. Өрісті малға толтырған кейіпкеріміз жуырда заманға сай шағын маркетті іске қосыпты. Қаладағыдан бір де кем соқпайтын нысанда халыққа керектің бәрі бар. Ең бастысы, 20 шақты ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылды.   

Хамит Сәбенов, кәсіпкер:

– Бізде қазір таңертеңгі тоғыздан төртке дейін бір ауысым, төрттен 11-ге дейін бір ауысым бар. Кешкі 11-ге дейін істейміз.

«Елде болса, ерінге тиеді» деген осы. Еңбекқор азаматтың арқасында қазір 30-дан аса ауыл тұрғыны екі қолға бір күрек тапқан. Жалпы соңғы 2 жылда аймақта «Бастау Бизнес» жобасы аясында 700-дей жоба мақұлданыпты. Айна секілді жаңадан кәсіп бастағандар 2 жарым миллиард теңге несие қаражатын алды. Жүз шақты жаңа бизнес идеяны қолдау мақсатында 224 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар берілген.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы