383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда мемлекеттік бағдарламалармен салынған үйлердің сапасы сын көтермейді

  • 144
  • UPD: 14:22, 01.07.2019

«Әсіресе Сарыарқа ықшам ауданындағы баспаналардың көбі сапасыз», – дейді тұрғындар.

Жалпы, бұл Сарыарқа шағын ауданы осыдан 3-4 жыл бұрын Көкшетау қаласының шетінен бой көтере бастады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Осы уақытқа дейін мұнда 30 шақты үй салынды. «Өкінішке қарай, олардың көбісінің сапасы сын көтермейді», – дейді тұрғындар. Ал алдағы уақытта мұнда тағы 70 шақты үй салынады.

Үміт әжей – аталған ауданға алғаш рет қоныстанғандардың бірі. Зейнеткер: «желді және жауынды күндері есіктің алдында жүруге қорқамыз», – дейді. Себебі, осыдан бірнеше жыл бұрын ғана пайдалануға берілген бұл үйдің қазірдің өзінде шатыры ұшып, суағары сынып, кірпіштері үгітіліп жатыр. Ал үйге мүлдем қызмет көрсетілмейді.

Үміт Мақұлова, қала тұрғыны:

– ПМК ештеңе істемейді. Маған осы үйге кіргелі бүгін 4 жыл. ПМК-ның жұмысын көрген жоқпыз. Ай сайын 2 мыңнан төлеп отырамыз. Балаларға доп ойнайтын да жер жоқ. Мына жерде бір орын бар. Сол жерден футбол алаңын жасаса. Міне, мына жерде балалар ойнайды. Көп. Төрт үйдегі 120 пәтерден бір 50 шақты бала шығады.

Үміт әжейдің сөзін көршілері де қолдай кетті. Айтуларынша, жертөле де жетісіп тұрған жоқ.

Әлия Ақышева, қала тұрғыны:

– Жертөледен жаман иіс шығатын болып жүр. Ал ішінде су жатады. Ол шатырдан ағып келіп құйылған жаңбыр суы. Айналасы төрт жылдың ішінде осындай кемшіліктер орын алып жатса, ертең он жылдан кейінгі күйіміз не болмақ?

Иә, мұндағы 30 шақты үйдің ең алғашқылары осыдан 4 жыл бұрын тұрғызылған. Салаға жауаптылардың айтуынша, құрылыста кеткен кемшіліктер мен кейіннен пайда болған келеңсіздіктер – екі бөлек мәселе.

Рүстем Бейсенов, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекшісі:

– Сарыарқа шағын ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйлерге келетін болсақ, оларда әрқайсысында сол үйді салған өз құрылыс компаниясы бар. Егер үйдің кепілдік мерзімі бітпеген болса, мердігерлер олқылықтарды өз қаражаты есебінен жоюға міндетті. Ал кепілдік мерзімі аяқталған үйлердегі кеткен кемшіліктерді тұрғындар өз ақшасына жөндеуі керек. 

Маманның айтуынша, бұл – заңда бекітілген қағида. Сондықтан тұрғындарға «өз үйлерінің кепілдік мерзімінің біткен-бітпегенін біліп, әрі қарай құзырлы органдарға немесе өз пәтер иелері кооперативтеріне жүгінген жөн», – дейді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы