389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда тозығы жеткен үйлер бұзылып жатыр

  • 282
  • UPD: 14:22, 01.07.2019

Қала іргесіндегі Ленин кентінде тұрғындар 15 жыл бойы апатты үйде күнелтіп келген еді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Олардың дені зейнеткерлер. Жуырда жергілікті атқарушы биліктің шешімімен тұрғындар облыс орталығына көшірілді және пәтер кезегі келгенше  уақытша баспанада тұратын болды.

Бұл отбасы ұзақ жылдар жартылай қираған апатты үйде тұрып келді. Жұртта қалған қариялардың басқа амалы болмапты. Зейнеткерлер әсіресе қыс мезгілінде қиындық көргендерін айтады.

Валентина Гудина, зейнеткер:

– Суды өзіміз таситынбыз. Пеш жағып отырдық. Соңғы кездері көмір қымбаттап кетті. Ағаш-отын, бәрін сатып алатынбыз. Ешкім бізге көмектескен жоқ.

Отбасы Ленин кентіндегі екі қабатты үйден пәтерді сонау  1977 жылы алған екен. Ал 15 жыл бұрын үйге жылу мен су беру тоқтатылған. Сол кезеңде ауыл халқы үйлерін тастап жаппай көшуге мәжбүр  болған.  

Әнуар Күмпекеев, Павлодар қаласының әкімі:

– Екі апта ішінде үйді толық бұзып, орнын ретке келтіру керек. Одан кейін басқа үйлерге кірісеміз.

Қалаға қарайтын Ленин кентінде қараусыз қалған тағы 7 үй бар. Олардың екеуі қалпына келтіруге жарамды. Бес қабатты үй тоқырау жылдары құрылысы аяқталмай орта жолда қалған.

Әнуар Күмпекеев, Павлодар қаласының әкімі:

– Қазір бұл үйді біз сатылымға қойдық. Шарт бойынша инвесторлар оны қалпына келтіреді. Біз көп балалы отбасыларға  бермекпіз. Тағы бір мәселе бұл үйлер апатты деп танылған. Соған қарамастан адамдар тұрып жатыр. Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін бір жақты етуіміз керек.

Өмірде қиындыққа тап болған адамдар мәселесі де билік назарында. Республика бойынша алғашқы әлеуметтендіру орталығы Павлодарда орналасқан. Жуырда күрделі жөндеуден өтті.  

Жомарт Сүлейменов, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары: 

– Қала әкімшілігі тарапынан 14 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өздеріңіз көргендей, сол жөндеу жұмыстарының нәтижесінде бұрын бұл мекемеде 170 адамға орын бөлсе, 50 орынға көбейіп, 220 орынға қызмет көрсетуге мүмкіндік алып отыр. 

Орталықта медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Биылғы жылдың өзінде құжаттары реттелген 45 адам жұмысқа орналасыпты. Айта кету керек,   облыс аумағында тұрақты мекенжайы жоқ 600-ден астам адам есепке алынған.  

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы