389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында 50-ге жуық ауылға таза ауыз су жетеді

  • 361
  • UPD: 14:20, 01.07.2019
Павлодар облысында 50-ге жуық ауылға таза ауыз су жетеді Otyrar.kz

Ертіс өңірінің халқын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында соңғы үш жылда 25 млрд теңге жұмсалған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Нәтижесінде 105 ауыл тұрғыны таза тіршілік нәріне қол жеткізді. Бүгінде жұмыс қарқыны бәсеңсіген емес. Биыл мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, тағы 45 елді мекенге су құбырын тарту көзделген.

Павлодар облысы Ертіс өзенінің бойын жайласа да, тіршілік нәрінен таршылық көріп келген елді мекендер бар. Солардың бірі – Қызылжар ауылы. Енді 400-ден астам түтін үшін сапасыз су ішкен күндер артта қалды.

Айтжамал Жазенова, Ертіс ауданы Қызылжар ауылының тұрғыны:

– Құдықтан шелектеп су тасыған күндер болды. Енді үйге құбыр тартылып, рахаттанып жатырмыз. Қуанышымызда шек жоқ.

Екі айдан соң осындай қуанышқа Павлодар ауданы Мичурин ауылының тұрғындары де кенелмек. Нәтижесінде 600-ден астам аулаға су бармақ. Ауыл азаматы Аманжол Әлмұханов енді тұзды судың зардабын көрмейтініне риза.

Аманжол Әлмұханов, Мичурин ауылдық округінің тұрғыны:

– Совхоз болғанда жазда баққа құятын су болған, қазір мүлде жоқ. Ауыз су деген жоқ. Біз қайдан алып жатырмыз, не ішіп жатырмыз, оны білмейміз. Мынау тексерілген, тазартылған.

Өңір халқын сапалы ауыз сумен қамту мәселесін шешу мақсатында қазіргі уақытта 43 жоба қолға алынған. Осы тектес құрылыс жұмыстары облыстың 11 ауданында қатар жүргізілуде. Сала мамандарының айтуынша, жыл соңына дейін 45 елді мекенге су жүйелері тартылмақ. Бұл 38 мыңға жуық халықа сапалы тіршілік нәріне қол жеткізеді деген сөз.

Жобаны жүзеге асыруға 900 млн теңге бөлінген. Су құбырлары әр үйдің ауласына дейін тартылады.

Кенжебек Бузубаев, құрылыс учаскесінің бастығы:

– Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Үш сорғы станциясы салынды. Әрқайсысы сағатына 38 мың текше метр су тартуға қауқарлы. Сонымен қатар резервуар мен тазарту сүзгілері бар.

Алдағы үш жылда облыста 200-ден астам тұрғыны бар 138 ауыл орталықтандырылған су жүйесі пайда болмақ. Ал халқы аз елді мекендерге кешенді блок модульдер орнатылады.

Мақпал Лепесова, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы:

– Үшжылдық бюджеттің қалыптасуына, яғни 2020-2022 жылдарға 34 объектіні жолдаған болатынбыз. Жалпы сомасы респубилкалық бюджеттің 10,6 млрд теңгесін құрайды, содан кейін 11 жоба әзірленді.

Осылайша 2020 жылға қарай аймақтағы 353 елді мекеннің 69%-і сумен қамтылады деп күтілуде. 

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Самат Оспанов

Хабар 24 телеарнасы