389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыста толық өртеніп кеткен 21 үй қайта салынады

  • 469
  • UPD: 14:19, 01.07.2019

Арыста жарылыс салдарынан бүлінген үйлерді жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

17 секторға бөлінген қаланың тұрғын үй қорын жаңғыртуға еліміздің барлық облыстары атсалысады. Әр секторға аудан-қала әкімдері мен қосымша 40 жауапты қызметкер бекітілген. Әр аймақтан 10 бригада, жалпы саны мың жарымдай құрылысшы тартылады.

Жарылыс кезінде Арыста 21 үй толығымен жанып кетіп, 28 отбасы баспанасыз қалды. Оларға жаңадан үй салынып беріледі. 

Жалпы, Арыс қаласында 7700-ден астам үй бар. Олардың көбісінің шатыры, есік-терезелері сынған. Алапаттан зақым келген үйлерді жөндеуді алғаш болып Қарағанды облысы бастады. Көмірлі өңірдің құрылысшылары 5-сектордағы 11 көпқабатты және 72 жеке үйді жөндеп береді.   

Айдын Қапашев, Қарағанды облысы әкімдігінің өкілі:

– Жарылғаннан терезелер сынған. Ең бастысы терезе. Қалғаны үйдің ішіндегі мүліктерді орнына қою. Мысалы, ірге қою, есіктері сынған. Соған бағалау жүргізіліп, ақша төленеді. Бағалау үшін құжат керек. Үйдің құжаттары, техникалық куәлік керек. Қазір жұмыс басталды. Шахтинск қаласы терезелерді бүгіннен бастап қойып жатыр.

Жаңғырту шаралары бір айға созылады. Жауапты қызметкерлер әр үйдің зақымдалу жағдайы мен жөнделуін фото-видеоға түсіріп, үй иелерін орналастыруға көмектеседі.

Авторы: Қамбар Бекенов

Хабар 24 телеарнасы