384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстық балалар Баянауыл баурайында демалуда

  • 718
  • UPD: 14:16, 01.07.2019

Апаттан зардап шеккен Арыс қаласының балалары Баянауылдағы «Жас дәурен» оқу-сауықтыру лагеріне орналасты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Павлодар облысы әкімінің шешімімен өткен аптада 130 бала арнайы рейспен ұшып келген болатын.

«Жас дәурен» лагері Баянауыл тауларының баурайында орналасқан. Қоңыр салқын ауа, қылқан жапырақты орман мен ертегі кейіпті жартастар балалардың жүрегін бірден жаулап алған. Арыстан келген ұл-қыздар жаңа жерді жатсынбапты. Облыс орталығынан барған дәрігерлер оларды толық медициналық тексеруден өткізді. Денсаулықтары жақсы. Қолдау жан-жақты көрсетіліп жатыр. 

Гүлжанат Сыздықова, әлеуметтік педагог:

– Бәріне рақмет, бірсыпыра киім берді. Бұл жақта жақсы қарсы алды. Тамақтары да жақсы, бес мезгіл тамақ беріп жатыр. Балалардың көңіл-күйі жақсы. Жатын орындары жақсы жайланған.

Гүлжанат Сыздықова – осы 130 балаға бас-көз болып келген 15 әлеуметтік педагогтың бірі. Лагерьде балалар 4 топқа бөлінген. Әр топқа екі тәлімгерден бекітіліпті және 15 волонтер көмектесіп жүр.

Бақдәулет Ботақұлов, студент:

– Қазіргі таңда 15 топ бастаушы келдік. Біздің тобымызда 27 бала бар. 15 күн бойы қасында болып, қалған 13 күн бойы экскурсияларға шығып, тауға барамыз, көлге барамыз. Басқа да Баянауылдың керемет жерлерін аралаймыз.

Әлеуметтік педагогтар ата-аналарымен үнемі байланыста. Жағдайды баяндап, балаларының демалысын фото, видеоға түсіріп жіберіп тұрады. Олардың жас ерекшеліктері әртүрлі. Көбі бір отбасынан шыққан ағайынды балғындар.

Балалардың бос уақыты жоқ. Олар әрбір сәтін қызықты әрі әсерлі етіп өткізіп жатыр. Жазғы оқу-сауықтыру лагерінің бағдарламасына сәйкес олар шығармашылықпен айналысады. Спорттық шараларға қатысады және де Баянауыл ауданындағы мұражайларды, мәдени орындарды аралайды.Сол сияқты табиғат аясында серуендеп, түрлі экскурсияларға шығады. Мәселен, бүгін олар Кемпіртас, Данатас және де Торайғыр көлінің басында болды. Осыдай тағы 20 шақты экскурсиялық тур ұйымдастырылады деп күтіліп отыр.

Демалушылар бес мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Қолөнер шеберлігіне, сурет салуға, мүсін жасауға үйрететін түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Дене шынықтыруға да мән берілген. Кішкентай меймандарға алаңдаған аудан тұрғындары да қолдарынан келгенше көмектерін көрсетіп жатыр.

Иран Бектеміров, «Жас дәурен» оқу-сауықтыру лагерінің директоры:

– Ешкім шет қалып жатқан жоқ. Қалталы азаматтар да, қарапайым ауыл тұрғындары да көмек көрсетсек деген өтінішпен күн сайын хабарласып жатыр. Ең алдымен жылы киімдер әкелінді. Баянауыл ауданының әкімдігі тазалыққа қажетті заттармен толық қамтамасыз етіп отыр. Ерекше бағдарлама әзірледік. Балалар ұмтылмастай әсер алып қайтады деген сенімдемін.

Нұрлан Бейсенбек, арыс қаласының тұрғыны:

– Баянауылға келгеніме қуаныштымын. Бұл жақта бәрі жақсы.Ойнатады, уақтылы тамақ та беріп жатыр. Тауға қыдыртып, аралатып жатыр, түсіндіріп жатыр. Жан-жақты көрсетіп жатыр.

Бұл балалар Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қаныш Сәтбаев, Шәкен Айманов сынды көптеген қазақтың асыл перзенттерін дүниеге әкелген, тарихы тереңде жатқан Баянауыл жерін көрді.

Жалпы, Павлодар облысы Арыс қаласынан тағы 170 бүлдіршінді күтіп отыр. Олар облыс аумағындағы 3 демалыс лагеріне орналасатын болады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы