389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыста 17 жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетуде

  • 379
  • UPD: 14:44, 01.07.2019

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Арыстағы жарылыстан зардап шеккен 50 шақты науқас ауруханаларда ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауыр жағдайдағы 4 науқас Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы клиникаларға жатқызылды. Қазіргі таңда Арысқа 6 жүзден астам медициналық маман жұмылдырылған.

Арыстықтарға 17 медициналық бригада қызмет көрсетіп жатыр. Қазір біз №1 Кеңес одағының батыры Ережепбай Молдабаев атындағы мектепте тұрмыз. Мұнда 143 адам тіркелген. Мектепке Отырар ауданының дәрігерлік тобы орналасқан.

4 күннен бері отырарлық 10 маман жүзге жуық адамға ем-дом шараларын жүргізді. Құрамында реаниматолог, психолог, фельдшерлер кіретін топтың 2 жедел жәрдем көлігі бар. Дәрігерлер әсіресе балалар мен диспансерлік есепте тұратын науқастарды басты назарға алып, олардың тұрақты дәрі-дәрмекпен қамтылуын қадағалап отыр.

Сондай-ақ Арыста 4 жылжымалы медициналық кешен және 2 зертхана жұмыс істеп тұр.

Серік Әбдіқұлов, Отырар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Ең көп кездесетін науқастар Д есебінде тұрған науқастар. Олар ары-бері көшіп-қону барысында, дәрі-дәрмектерін қолданбаған. Сол себепті асқынулармен түсіп жатыр. Қан қысымы, қант диабеті бар науқастар түсіп жатыр. Біздің қорымызда дәрі-дәрмектің барлығы да жеткілікті. Екінші жедел жәрдем бригадамыз осы штабта орналасқан. Ол шақыртулар бойынша жұмыс жасап жатыр.

Авторы: Қамбар Бекенов

Хабар 24 телеарнасы