387,14 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да қырық ауылға ауыз су құбыры тартылды

  • 326
  • UPD: 22:29, 01.07.2019
БҚО-да қырық ауылға ауыз су құбыры тартылды

Тұрғындарды ауыз сумен қамту жөнінен Батыс Қазақстан облысы аймақтар арасында көш соңында.

Егер ел тұрғындарының 60%-ға жуығы орталықтандырылған су құбырын пайдаланса, Батыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 45%. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында соңғы жылдары аймақта ауқымды істер атқарылып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасына сәйкес бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Соңғы екі жылда Батыс Қазақстан облысында 110 елді мекенге таза су тартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар бір сәт те саябырсымақ емес. Өйткені өңірдегі елді мекендердің тек  45 % ғана орталықтандырылған су құбырына қосылған. Ал өткен айдағы облысқа сапары кезіндегі Мемлекет басшысының жүктеген міндеті, берген тапырмасы бұл көрсеткішті 80 % жеткізу.

Күні бүгін облыста 40 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары жүріп жатыр. Соның бірі Бәйтерек ауданына қарасты Трекин ауылы. 4 мыңға жуық тұрғыны бар ауыл халқы бұрын суды скважина соқтырып, тереңнен тартатын. Жер асты суы төмендеп кетуіне байланысты түрлі қиындықтар да кездесетін. Енді мөлдір су әр үйдің ауласына кіргізілмек.

Шапай Хасанов, Трекин ауылының тұрғыны:

- Аулаға шейін әкелсе, әрі қарай өзіміз жалғап аламыз ғой. Сол үйге келіп жатқан суға соған жете алмай жүрміз ғой. Сол келсе қуаныштымыз. Осы су деген адамның бірінші байлығы ғой.

Сәбит Сатқанов, Трекин ауылдық округінің әкімі:

- Трекиннің өзінде 940 үйге биылғы жылы су тартылады. Ауыл бұрын суды жерден өздері құдықтарын қазып, әр үй су алып сол суды пайдаланып отырды. Соңғы кезде мына Жайық өзенінің су келмеуіне байланысты кейбір үйлерде су тартылып кетіп жатыр. Сол себептен мына биылғы су өте жақсы деп ойлаймын халыққа.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Бәйтерек ауданында 4 ауылға ауыз су тартылып жатса, жуырда тағы 3 елді мекенде  су құбырының құрылысы басталмақ. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1 миллиард 100 миллион теңге қаржы қаралған.  

Мұрат Залмұқанов, Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары:

- Енді барлығы біздерде  68 елді мекен болса, соның 30-нда орталық су құбыры өткізілді. Қалғандарына жоспарымыз бар. Биыл тағы 7 елді мекенге жобамызды істеп жатырмыз.

Ауру астан дейді дана халқымыз. Сапалы су - денсаулық кепілі. Бұл орайда өңір халқын таза тіршілік нәрімен қамту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасының мезгілінде орындалуының маңызы ерекше.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы