384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысының тұрғындары саяжайдағы карьер жұмысына қарсы

  • 158
  • UPD: 09:24, 02.07.2019

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты «Есік-2» саяжай тұрғындары «берекеміз қашты» деп редакциямызға хабарласты.

Олар ауыл іргесінен тас-құм қоспасын шығаратын карьердің іске қосылуына наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар компания заңсыз жұмыс істейді деп отыр. Ал кәсіпкерлердің өз уәжі бар.

Бұл саяжай Есік қаласына кіреберісте, Есік өзенінің жағасында орналасқан. Кен орнын «Есік-Береке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2035 жылға дейін жалға алыпты. Бірақ компания құм-тас өндіруді биыл наурызда бастаған. Экскаватордың гүрілі, ерсілі-қарсылы өтетін жүк көліктері тұрғындардың тыныштығын бұзған.

Гүлбахар Төребейқызы, саяжай тұрғыны:

Әзір немерелерім қасымда ғана жүр менің. Бірақ шықпайды былай жолға қарай. Мен көршімнің баласын басып кетейін дегенін өз көзіммен көрдім. Сосын біз қарсы тұрдық бұл кісілерге. Қарсы тұрғанмен бізді кім тыңдайды. Тыңдамайды.

Саяжай тұрғындары компанияның құжаттарына күмән келтіруде. Айталық, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы 2013 жылы компанияның Есік өзенінің су қорғау белдеуінде құм-тас өндіру туралы өтінішін кері қайтарған. Бұны амалы таусылған саяжай тұрғындары жалдаған тәуелсіз сарапшы да растады.

Несібелі Тоқмұрзина, тәуелсіз сарапшы:

- ҚР Су кодексінің 125, 126-баптарына сәйкес өзен арнасы мен астауында, су қорғау белдеуінде қандай да бір жұмыстар жүргізуге болмайды. Егер мемлекет рұқсат беретін болса, міндетті түрде Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы секілді табиғат қорғаушы уәкілетті органның келісімі қажет. Менің білуімше, бұл компанияда инспекцияның келісімі жоқ.

Алайда, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қазіргі өкілдері компанияны 2018 жылы сатып алғандарын айтады. Және де «барлық құжатымыз тап-тұйнақтай», - дейді.

Карим Нұрахунов, «Есік-береке» ЖШС өкілі:

Біздің іс-әрекеттеріміз заңды. Қажетті құжаттардың барлығы бар. Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы тексеру тағайындады. Тексеруден соң бірнеше заңбұзушылықтың барын айтты. Қазір сол бойынша әкімшілік сот жүріп жатыр. Бұдан басқа ешнәрсе айта алмаймын. Соттың шешімін күткеніміз дұрыс шығар.

Іс Еңбекшіқазақ аудандық сотында екі өндіріс бойынша қаралды. Есік өзенінің бойынан құм-тас өндіріп отырған компания бұл жолы айыппұлмен ғана шектелді.

Ерлан Баймулдинов, Еңбекшіқазақ аудандық сотының судьясы:

- Іс материалдары түскеннен кейін сот 463-баптың 1-бөлігімен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекспен кінәлі деп танып, оған айыппұл салынған болатын. Айыппұлдың көлемі 25 АЕК-ке тең болады. Жұмысын тоқтату жайлы бұл 463-баптың 1-бөлігі бойынша ол жұмысын тоқтату туралы санкцияда көрсетілмеген.

Бірақ «Есік-2» саяжайының тұрғындары мен Балқаш-Алакөл бассейндік инспекиясы «карьер жұмысын тоқтатпай қоймаймыз» дейді. Енді олар жерге берілген мемлекеттік акті мен құм-тас өндірісіне берілген келісімшарттың күшін жою үшін облыс әкіміне шағымданбақ.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы