389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстық балаларды Бурабай және Зеренді аудандарындағы 7 демалыс орны қарсы алады

  • 524
  • UPD: 10:04, 02.07.2019

Ақмола облысының сауықтыру орталықтарында демалатын арыстық балалардың алғашқы легі Бурабайға келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

145 оқушы мен 20 шақты тәрбиешіні жергілікті халық сән-салтанатымен күтіп алды. Жалпы биыл жазда Арыстағы апаттан зардап шеккен отбасылардан 500-ге жуық бала аймақтың көрікті жерлерінде үш топқа бөлініп тынығады.

Көздері бал-бұл жанған арыстық балалардың көбі Бурабайға алғаш рет табан тіреп отыр. Оларды жергілікті жұртшылық құшақ жая қарсы алды. Ал, 145 бала осындағы екі лагерьге бөлініп жайғасты. Тәрбиешілердің айтуынша, Арыс қаласының әкімдігі алғашқы топқа әлеуметтік жағынан әлжуаз отбасылардың балаларын қосуға тырысқан.

Жазира Мұсақова, топ жетекшісі:

- Жалпы көп балалы, әлеуметтік картадағы оқушылар, тұл жетімдер, жартылай жетімдер басты қамтылған оқушылардың бірі. Бүкіл Қазақстан халқына алғысымды айтар едім. Шексіз рахмет бәріңізге де. Лагерьге келеміз деп ойлаған жоқпыз.

Ал балалардың қуанышында шек жоқ. Енді олар он күн бойы Бурабайдың көркем табиғатынан қуат алып, саф ауасымен тыныстайды. Тарихи орындарды аралап, түрлі мәдени іс-шараларға қатысады. Оларға тынығудан бөлек психологиялық көмек көрсету де жоспарланған. Себебі, мұнда келгендердің әрбірі жарылысты өз көзімен көргендер.

Зарина Кенжебек, оқушы:

Тапшанда жатқанбыз. Бір кезде жарылған дауыс естілді. Біз алғашында түсінбедік. Менің ағам далаға жүгіріп шықты. Біз қыр жақта тұратынбыз. Сол мезетте бізге бомбаның жарылғаны көрінді.

Саят Жақсыгелді, оқушы:

Далада шифердің астында отырғанбыз бастырмада. Сол кезде атылды да, атылғанда тура көршіміздің үйіне түсті. Одан шыққан толқындар бізге тиіп, жел ұшырып, шатырлар құлады. Сосын біз үйге кіріп, құжжаттарды алып шықтық.

Сауықтыру орталығына келген бетте Ақмола облыстық іскер әйелдер қауымдастығы мен «Зекет» қайырымдылық қоры балаларды бастан-аяқ киіндіріп, демалысқа қажетті дүниелермен қамтамасыз етті. Жалпы бұл Арыстық балалардың алғашқы легі болса, қалған топтар шілде айының ортасы мен тамыздың басында келеді. Ал, оларды аймақтың Бурабай және Зеренді аудандарында орналасқан 7 демалыс орны қарсы алады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы