388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арыстағы жарылыс шаһардағы үйлердің 70-80% зақымдады

  • 323
  • UPD: 15:58, 02.07.2019

Алдын ала есеп бойынша Арыс қаласындағы апат шамамен 20 миллиард теңге шығын әкелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Төтенше жағдай комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлімдеді. Оның айтуынша шаһарда 8 мыңнан астам үй қираған. Бұл сандар уақыт өткен сайын өзгеріп жатыр. Дегенмен, бүгінгі ахуал қандай?

Қазаны қайнап, гүлдері жайнап тұрған Арыстың қас-қағым сәтте астаң-кестеңі шықты. От тиіп, әскери бөлімнен өздігінен атылған оқ шаһардағы үйлердің 70-80% зақымдады. Шығын орасан зор. Бірақ бүгінде қауіптің беті қайтты. Республиканың өңір-өңірінен жиналған 1300-дей сапер қаланы жарылғыш заттан тазартты. Барлығы 11 мыңдай снарияд пен оқ-дәрі жиналды. Көзге көрінбей тасада қалғандары әлі табылуы мүмкін. Сондықтан қалада жедел топ жұмыс істейді.

Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:

- Жергілікті әкімдікпен бірлесіп, қауіпсіздік ережелері жазылған жадынама әзірледік. Оларды әрбір тұрғынға таратып, жарылғыш зат кездессе не істеу керектігін түсіндірдік. Бүгінге дейін тұрғындардан 300 шақырту түсті. Жедел топтың мамандары барып, күдікті затты залалсыздандырды. Біз мұндай жағдайға алдын ала дайындалдық және ол бір екі күн ішінде біте қоятын жұмыс емес. Снарядтар біре екі жыл тіпті 10 жылдан кейін де табылуы мүмкін.

Енді осы оқиғаға байланысты еліміздегі қару-жарақ сақтайтын барлық қойманың талапқа сәйкестігі тексеріледі. Яғни, тұрғын үйлерден алыстығы, қауіпсіздік ережелерінің сақталуы сараланады. Ал Арыстағы апатқа не себеп болғаны анықталады. Қазір тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Адамның қателігі, техникалық ақау сынды барлық нұсқа қарастырылады. Ал апттан зардап шеккен үйлерге толықтай жөндеу жүргізіледі.

Владимир Беккер, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:

- Қабырғасы, шатыры бүлінгендер бар, толықтай қирғаны бар, барлық үй қалпына келтіріледі. Әу баста 27, кейін 50, енді 80 үй қирады, бүлінді деп жатыр. Сандар күн сайын өзгеріуде. Президент оқ-дәрі қоймасын Арыстан аулаққа көшіруге тапсырма берді. Қару жарақ кетсе қауіп те болмайды. Ол 1963 жылы салынған. Содан бері қала үлкейіп, қоймаға тым жақындап кеткен.

Айта кетейік, бүгінде Арыс халқы қалаға оралды. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шаһар 17 секторға бөлінген. Әрқайсына жауапты мамандар бекітілді. Дегенмен, Арыс тұрғындарынан мүлкінің ұрланғаны туралы 85 арыз түскен. Әр оқиға бойынша жедел-іздестіру топтары шұғыл шаралар қабылдап жатыр. Ал апаттан нақты қанша шығын келгені 15 шілдеге дейін жариялануы мүмкін.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы