389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет 2019 жылға арналған бюджетті нақтылау туралы шешім қабылдады

  • 333
  • UPD: 20:48, 02.07.2019

Үкіметтің резервтік қаржы қоры 72, 9 млрд теңгеге ұлғайтылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды.

Сондай-ақ Үкімет 2019 жылға арналған бюджетті нақтылау туралы шешім қабылдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік мәселелерді шешу жөніндегі тапсырмалары да пысықталды. 

Әлеуметтік көмек шын мұқтаж жандарға көрсетілуі тиіс. Үкімет басшысы осылай деді. Млрд-таған қаржының бір бөлігі халықтың кредиттік жүктемесі бойынша борышын өтеуге жұмсалады.

Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің бірінші орынбасары-қаржы министрі:

- Бірінші бағыт - халықтың тұтынушылық кредиттері бойынша борыш жүктемесін азайту. Өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтар санатына жатқызылатын әр қарыз алушы үшін тікелей және атаулы қаржылық көмек түрінде мемлекет 300 мың теңгеге дейін жалпы мөлшерде  негізгі борышы және ол бойынша есептелген өсімпұлды өтейді. Осы мақсаттарға жоба 88,5 млрд сомасында шығыстарды қарастырып отыр.

Сөйтіп, қыруар қаржы бөлінеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кредитін өтей алмай отырған тұрмысы қиын жандардың тізімін жасайды. Банк алдындағы борышты жабу өз алдына Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев «табысы күн көріс деңгейінен төмен жандарға несие бермеу керек» дейді. Бас банкирдің айтуынша, кредиттің өсімпұл мен айыппұл мөлшері ұлғайып, берешектің басқарусыз өсуіне жол бермеу үшін жыл аяғына дейін нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер енгізіледі.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

- Мәселен, мерзімі өткен берешегі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша кредитті берумен және оған қызмет көрсетумен байланысты тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салынды. Бұл азаматтарды берешектің үнемі өсіп отырған сомасынан қорғауға мүмкіндік береді. 

2 млрд теңгеден астам ақша жұмысшы мамандығына оқып жүрген студенттердің шәкіртақысын 30 процентке көбейту үшін жұмсалады. Яғни 1 қыркүйектен бастап, 122 мың студенттің степендиясы өседі.

50 млрд теңгеге жуық ақша «Бастау бизнес» жобасы арқылы жұмыспен қамтуға  және «Еңбек» бағдарламасы бойынша ауылдықтарға кредит пен грант көлемін ұлғайтуға бөлінеді. Осы орайда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі кәсіп ашқысы келетіндерге нақты қолдау барын айтты.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Соған байланысты қазіргі бөлінген гранттар мен микрокредиттерге қосымша 32 млрд теңге. Ол шамамен 30 мыңдай адамды қамтитын болады. Оған енді қосымша «Жас маман», «Жас кәсіпкер» жобалары бойынша осы 3 жылдың ішінде біз экономикаға керек 100 мамандық бойынша 200 мың адамды оқытуымыз керек. 

Үкімет резервін ұлғайту мақсатында бөлінетін қаржының бір бөлігі Арыс қаласындағы төтенше жағдайдың салдарын жоюға жұмсалатын болды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту менің жұмысымның негізгі бағыты болып табылады. Президент бірқатар әлеуметтік шараларды қабылдады. Оларды іске асыру азаматтардың әлеуметтік проблемаларын шешіп қана қоймай, өзінің материалдық жағдайын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Сондықтан қазір біздің алдымызда тұрған міндет оларды уақытылы орындау үшін барлық ұйымдастыру және жанамалық мәселелерді шешу.

Үкімет басшысы Асқар Мамин Президент айтқан 10 бағыт бойынша әлеуметтік шараларды іске асыру үшін министрлерге нақты тапсырмалар берді.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Жандос Битабаров, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы