384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда көші-қон қызметтер орталығы ашылды

  • 140
  • UPD: 23:24, 02.07.2019
Павлодарда көші-қон қызметтер орталығы ашылды

Ертіс өңірінде көші-қон қызметтер орталығы ашылды. Бұдан былай шетел азаматтары Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат алу үшін түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырмайды.

Өйткені жаңа орталық «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Соған сәйкес еңбек мигранттары сәйкестендіру номерін алу, салық төлеу, медициналық тексеруден өту және сақтандыру полисін алу сынды қызметтерге бір залда қол жеткізеді. Қазақстан азаматтығын  алуға және  шет елге қоныс аударуға ниет білдірген азаматтар үшін де қолайлы жағдай туып отыр. Көші-қон бойынша есепті ұзарту мақсатында жүргізілетін медициналық тексеру кабинеттері мен дактилоскопия кабинеті жасақталған. Атап өтерлігі аталған орталық  бірінші рет Нұр-Сұлтан қаласында пайда болған еді. Енді міне еліміздің барлық  аймақтарында  ашылу үстінде. Павлодардағы орталық аумағы 800 шаршы метр болатын ғимаратта орналасқан. Мұнда мемлекеттік қызметтің 18 түрі көрсетіледі. 

Арман Уәлиев, көші-қон қызметі басқармасының басшысы:

- Көптеген мемлекеттік қызметтер қысқарды. Мәселен, еңбек көші-қоны бойынша шетел азаматтары тиісті анықтама алу үшін 5-6 мекеменің табалдырығын тоздыратын. Енді оның бәрін бір мекемеден алады. Қызмет көрсету мерзімі 5 күннен 1 күнге қысқарды. Келешекте оны бір сағатқа қысқартуға мүмкіндік туады. Сол сияқты медициналық тексеруден өтуге  құжаттарды  нотариус арқылы куәландыру да осы жерде жүзеге асады

Жәлелхан Иса, Моңғолия азаматы:

- Біз осы жаққа Қазақстан азаматы болуға келгеміз. Сол ықтияр хатқа тапсырғамыз. Бір айдың ішінде келу керек деген. Міне алдық соны бүгін. Тағы  қайтадан ықтияр хатты алып, көңілімізден шығып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы