389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында бидайға орақ түсті

  • 429
  • UPD: 14:32, 03.07.2019

Түркістан облысында астық жинау науқаны басталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Алғашқы болып қазығұрттық диқандар егінге орақ салды. Техникасын сайлап, науқанға қызу дайындалған шаруалар бидайдан 30 центнерден алғашқы өнімін алып, қамбаға құйып үлгерді.

Бұл – қазығұрттық диқан Нұржан Әшіровтың егін алқабы. Кәсіпкер 1996 жылдан бері егін шаруашылығымен айналысады. Алғашында кәсібін 10 гектар жерге бидай егуден бастаған ол қазір 5 мың гектар алқапқа бидай, арпа және жоңышқа егіп отыр. 10-нан аса техникасы бар.

Жалпы, Қазығұрт ауданы таулы өңір саналады. Бірақ соған қарамастан біз тұрған Шарбұлақ ауылдық округінде орналасқан шаруашылық биыл 2,5 мың гектарға бидай еккен. Ерте көктемде жауын-шашынның көп болуына байланысты егін де бітік шыққан. Қазір шаруалар бидайдың әр гектарынан 30 центнерден өнім алуда.

Күнгейлік шаруа мол өнім алуының сырын агротехникалық талаптарды сақтай отырып, күтімді өз уақытында жасағанымен байланыстырады. Сондай-ақ шаруашылық астықтың жаңа сұрпын шығарумен де айналысады.

Нұржан Әшіров, шаруашылық басшысы:

– Енді осы мол өнімді өз уақытында барынша шашпай-төкпей жинап алуға әрекет жасап жатырмыз. Биылғы жылы ауа райы ауыл шаруашылығы үшін өте қолайлы болып келді.

Қазығұрттық диқандар биыл 40 400 гектар алқапқа астық еккен. Бұдан бөлек, ауданда 45 мың гектарға түрлі майлы және бау-бақшалық дақылдар отырғызылған. Сондай-ақ өңірдегі Шанақ және Абдалиев ауылдық округтерінде де егін ору науқаны жүріп жатыр. Бүгінге дейін аудан шаруалары 1535 гектар бидай мен 260 гектар арпа дақылын орып, қамбаға құйған.

Төлеген Телғараев, Қазығұрт ауданының әкімі:

– Жалпы, бидайдан 22-25 центнерден аламыз деп күтіп отырмыз. Арпаны 22 центнерге дейін жеткіземіз деп күтіп отырмыз. Өздеріңіз көріп отырсыздар, осы жердегі алқапта өнімділік 30 центнерге дейін жетіп отыр. Аудан бойынша алғанда 22-25 центнерден болатын болса, ол жақсы көрсеткіш деп санаймыз. Былтыр да орташа өнімділік 26 центнерді құраған болатын. Биыл да содан кем болмайды деп күтіп отырмыз.

Жалпы, Түркістан облысында биыл 823 мың гектар аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың гектарға артық. Болжам бойынша, биыл 218 мың гектарға егілген астықтың әр гектарынан 21,2 центнерден өнім алып, жалпы 462 мың тонна астық жинау жоспарланып отыр. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы