389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында көп балалы отбасынан шыққан түлектерге жеңілдік қарастырылуы мүмкін

  • 550
  • UPD: 14:31, 03.07.2019

ҰБТ-дан жоғары балл алған ақтөбелік талапкерлер енді гранттар байқауына дайындалып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ереже бойынша тегін білім алуға мүмкіндік беретін сайыс 1 тамызға дейін жалғасады. Жалпы, өңір бойынша биыл бес мыңнан астам мектеп түлегі тестілеуге қатысқан.

Іңкәр Аманжарықова – Ұлттық бірыңғай тестілеуден 137 балл алған талапкерлердің бірі. Білімге құмар жас сын сағатында үздік нәтиже көрсеткеніне қуанышты. Енді бала күнінен арман болған дәрігер мамандығын меңгеруге аз қалды дейді. Себебі тестілеу барысында міндетті пәндерден өзге, қажетті биология және химиядан да жақсы ұпай жинаған.

Іңкәр Аманжарықова, талапкер:

– Өте жақсы жетістік мен үшін. Осы мектептің ұжымына, өзімнің алтын ұстаздарыма үлкен алғысымды білдіремін. Болашағымды дәрігерлік жолдан бастайын деп жатырмын. Дәрігер боламын. Ақтөбе қаласындағы белгілі оқу орны – медициналық университетке түсейін деп жатырмын.   

11 жыл бойы Іңкәр оқыған мектеп Ақтөбедегі үлгілі білім ұяларының қатарында. Биыл мұнда 75 оқушы түлеп ұшып, оның тек біреуі ғана ҰБТ-ға қатыспады. Қалғандарының барлығы үздік нәтиже көрсетті.

Мейрамгүл Нұрбаева, мамандандырылған мектеп-интернаты директорының орынбасары:

– Бір оқушымыз ҚХР-ның білім грантын жеңіп алғандықтан, ол оқушымыз өз еркімен қатыспады. Әрине, ҰБТ-ға қатысу – 98,7 пайыз, жоғары көрсеткіш. 15 оқушымыз 130-дан жоғары балл жинады, 56 оқушы 100-ден жоғары балл алды. Бұл – үлкен қуаныш, жетістік. Бұл – оқушылардың үздіксіз еңбегінің нәтижесі.

Биыл облыс бойынша мектеп бітірген түлектердің 90 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тест тапсырды. Өңір бойынша 15 орталықта өткен сынақ барысын тиісті министрлік өкілдері мен мемлекеттік комиссия мүшелері бақылады. «Ешқандай заңбұзушылық тіркелмеді», – дейді мамандар. Енді жоғары балл алғандар гранттар байқауында бақ сынамақ.

Гүлназ Мырзағалиева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

– Жалпы, республикалық гранттар 1 тамызға дейін белгілі болады. Содан кейін, биыл екінші рет өткізілгелі отыр, жергілікті атқарушы органдар бөлетін мемлекеттік гранттар болады. Соған байланысты конкурс жүргізіледі. Ол конкурстың нәтижесі тамыз айының ортасына таман белгілі болады.

Білім басқармасы мамандарының айтуынша, аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан мектеп түлектеріне де жеңілдік қарастырылуы мүмкін. Қазір ондай санаттағы балалардың таңдаған мамандықтары туралы мәліметтер жинақталып жатыр. Қосымша гранттар бөлінсе, бұл туралы талапкерлерге жария етіледі.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнаддин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы