384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да жұмысшы мамандықтарға сұраныс көп

  • 143
  • UPD: 14:30, 03.07.2019

Батыс Қазақстан облысындағы кәсіптік техникалық колледждер модульдік оқыту технологиясы саласындағы жұмысшы мамандықтар санын көбейтуді көздеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Осы арқылы колледж түлектерінің бірнеше мамандықты меңгеріп шығуына мүмкіндік берілмек. Айта кетерлігі, биыл өңірде мемлекеттік тапсырыс есебінен және «нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы 4300 студент білім алады. Сонымен қатар «Серпін» бағдарламасы бойынша 25 жас түрлі мамандықтарды меңгермекші. 

Аймақтағы кәсіптік техникалық колледждерді биыл 6 мыңдай түлек тәмамдап отыр. Ал олардың орнын осы күзде 5 мыңнан аса студент толтырмақшы. Қазір барлық оқу орындарында құжат қабылдау науқаны жүріп жатыр.

Аймақта кәсіптік техникалық мамандар даярлайтын 36 колледж бар. Осы оқу орындарында жастар 70-тен аса кәсіп түрін оқып үйренеді. Жыл санап жұмысшы мамандықтарға сұраныс артып келеді. «Сондықтан биылғы оқу жылында модульдік технологияға баса мән берілетін болады», – дейді мамандар.

Асан Мұстафин, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

– Модульдік технология деген – жаңадан енгізіліп жатқан технология, осы технология бойынша бізде бірнеше жұмысшы мамандық  алу қарастырылған. Оқуды аяқтаған кезде орта буын маманын алып шығуға мүмкіндігі бар.

Орал ақпараттық технологиялық колледжін биыл 104 түлек бітірген. Жұмысшы мамандықтарға сұраныстың көп болуына байланысты жаңа оқу жылында 175 талапкер қабылданады. 

Жазира Бисәлиева, колледж директорының м.а.:

– Биылдан бастап біз екі біліктілік бойынша – есептеу және бағдарламамен қамтамасыз ету мамандығы бойынша техник бағдарламашы және  ақпаратты қайта жөндеу мамандығы бойынша лицензия алдық. Соған байланысты жаңа біліктілік бойынша студенттерді оқытамыз.

Былтыр өңірдегі кәсіптік техникалық колледждерді тәмамдаған 5 мыңнан аса түлектің 84 проценті жұмыспен қамтылыпты. «Ал жергілікті еңбек нарығында әлі де бастауыш сынып мұғалімдері мен медбикелер және мұнай-газ секторына қажетті кадрлар тапшылығы байқалады», – дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы