384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде 200-ден астам дәрігер ауылдарға аттанды

  • 169
  • UPD: 14:30, 03.07.2019

200-ден астам семейлік жас маман «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендерге аттанды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Осы жылы аудандық ауруханалар терапевт, акушер-гинеколог, хирург, тіс дәрігерлерімен толықпақ.

Семей медициналық университетінің түлегі Балауса Жұматаева эндокринология саласын таңдаған. Резидентураның екі жылын тәмамдап, Бородулиха ауданында еңбек етуге келіпті.

Балауса Жұматаева, резидент-эндокринолог:

– Жас мамандарға өте жақсы мүмкіндіктер және қолдаулар көрсетіліп жатыр. Соның ішінде әлеуметтік көмек көрсету. Жас мамандарды үймен қамтамасыз ету. Қаржылай көмек беріледі. Сол үшін алғысымды білдіремін. Келешекте өз мамандығым арқылы біліктілігімді көрсетемін.

Жас мамандар ауылда кез келген жағдайда еңбек етуге әзір. Біріншіден, келісімшарттың талаптарын орындау керек. Екіншіден, жерлестерін емдеуді дәрігерлік борыш деп біледі. Ауыл медицинасын дамытуды мақсат еткендердің қатарында Арман Несіпхан да бар. Ол хирург мамандығын жеті был бойы меңгерген.

Арман Несіпхан, резидент-хирург:

– Кадрлардың дамуына үлкен үлесімді қосқым келеді. Еңбек жолымды мен ауылдан бастасам ба деп едім. Сол себепті ауыл округін таңдадым. Ауылда үлкен тәжірибе аламын деп ойлаймын.  

Биылғы жылы Семей медициналық университетінен 743 студент түлеп ұшты. Олардың басым бөлігі интерндер болса, 200-ге жуығы резиденттер. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 250 маман еңбек жолдарын ауылдан бастамақ. Олардың қатарында психолог, терапевт, акушер-гинеколог, хирург сияқты тапшы мамандар бар.

Гүлназ Таңатарова, жастар саясаты және сыртқы байланыстар департаментінің директоры:

– Тілектеріміз жергілікті жерлерге келгенде, айтылған әлеуметтік жағдайлары жақсылап жасалса, әкімдер соны қолға алса, түлектер көп мөлшерде ауылдық жерлерге барады деп сенемін.

Семейлік жоғары оқу орны 70 жылдан бері отандық медицина саласына қажетті маман даярлап келеді. Осы уақыт ішінде еліміздің медицина мекемелерін сапалы кадрлармен қамтумен қатар білім беру саласында озық технологияларды енгізген.

Авторлары: Асем Өтешева, Ақмарал Есімханова және Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы