389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада 4700 талапкер мемлекеттік грантпен қамтылады

  • 412
  • UPD: 14:27, 03.07.2019

Алдағы үш жылда «Жас маман» жобасы аясында еліміздегі 180 колледж 100-ден аса қажетті мамандық бойынша жаңғыртылады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мамандар халықаралық тәжірибе негізінде дайындалады. Ал биыл жұмысшы мамандықтарға 49 мың грант бөлінбек. IT, қызмет көрсету, туризм, сән индустриясы, құрылыс және денсаулық сақтау саласын таңдаған талапкерлердің колледждерде тегін оқуға мүмкіндігі бар. Елорда бойынша үш жаңа мамандық ашылып отыр.

16 жастағы Жандос Есенов елордадағы политехникалық колледжде автомеханик мамандығын игеруде. Жас жігіттің арманы асқақ. Болашақта көлік жөндеу орталығын басқарғысы келеді. Айтпақшы, оқу орнында былтыр ғана ашылған жаңа факультетте электромобильдердің де тетігін меңгеруге болады.

Жандос Есенов, студент:

– Біз электромобильдің қыр-сырын үйреніп жатырмыз. Бұл заманауи көлік түрі ғой. Ұстазымыз қателік жіберген тұстарымызды көрсетеді. Біз бірден түзетуге тырысамыз. Осы оқу орнын таңдағаныма өкінбеймін. Болашақта білікті автомеханик болсам деймін.

35 жылдық тарихы бар бұл оқу орнында 1000-ға тарта студент оқиды. Барлығына да мемлекеттік грант бұйырған. Биыл колледж 250 талапкерді қабылдайды. Оған қоса мұнда ет өңдеуші мамандығы да оқытылатын болады.

Зәуре Қылышбаева, колледж директоры:

– Мамандықты аштық. Бүгінгі таңда 25 мемлекеттік гранттан орын алғанбыз. Оның 20-сы толықтырылып қойды. Соған қарағанда, ол мамандыққа да сұраныс жоғары деген сөз. Оның үстіне 2019-20 оқу жылында стипендия 30 процентке өсіріледі деп жатыр. Ол да жұмысшы мамандықтарға деген серпінді өсіреді деп ойлаймын.

Бас шаһар бойынша сұранысқа ие мамандықтар қатарын логистика мен газбен қамту да толықтырды. Қазірдің өзінде 4000-ға жуық талапкердің өтініші қабылданған. Оларды шәкіртақының 30 процентке көбейетіні қатты қуантты. 

Жазира Асанова, қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:

– Басқармаға қарасты 35 колледж бар. Оның 25-інде 4700 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырдық. Оның 1050 орны нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша тегін беріледі. Ол жалпы жұмыс мамандары бойынша.

Нұр-Сұлтан қаласында 9, 11 сынып оқушылары үшін кәсіби бағдар беру бағдарламасы жүзеге асып келеді. Осылайша олар жұмыс орындарымен етене таныса алады. Ал биыл кәсіби бағдар орталығын іске қосу жоспарланған.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы