389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісулық шаруалар фриге арналған картоп өсіре бастады

  • 354
  • UPD: 17:03, 03.07.2019

Алматы облысы Жамбыл ауданының шаруа қожалықтары фриге арналған картоп өсіре бастады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Элиталық тұқымдар Голландиядан әкелінген. Қазақстандық диқандар үшін картоп таңсық дақыл емес. Дегенмен фриге арналған картоптың өз ерекшеліктері бар.

Қарақыстақ ауылындағы шаруақожалық картоптың ерте пісетін және күздік сұрыптарын еккен. 14 гектар жерге 150 мың долларға жуық инвестиция салыпты. 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Күзде әр гектардан орта есеппен 80 тонна өнім алуды жоспарлап отыр.

Ерсін Құрмашев, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Бұл жерде біз бірінші жыл істеп отырмыз. Осы жерге дейін тоқтың бәрін алып келдік. Жолын жасап келдік. Сорғыш станция сатып алдық.

Фриге домалақ картоптар жарамайды. Оны кескенде қалдық көп шығады. Демек экономикалық жағынан тиімсіз. Ал голландиялықтар сопақ түрін шығарған. Яғни табыс жақсы. Ең басты ерекшелігі осында. Одан басқа дәмі де өзгеше. Қазір шаруашылық жетекшілері голландиялық агрономнан фриге арналған картопты өсірудің қыр-сырын үйреніп жүр.

Ерун Брак, агроном /Голландия/:

– Қазақстанға келуіміздің ең басты себебі – сіздердің елде картоптан фри жасайтын зауыт салсақ деген ойымыз бар. Бүгінгі таңда бұл дақылды өсіретін аймақтарды анықтадық. Енді құрылыс басталатын күнді белгілейміз. Зауытты Алматы облысының аумағында саламыз.  

«Зауыт ашылғанша өнімді нарыққа сата тұрамыз», – дейді қожалық басшылығы.

Ерсін Құрмашев, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Егер де биыл жақсы нәтиже алып жатсақ, келесі жылы жердің көлемін көбейтсек деген ой бар. 50-100 гектарға көтерсек дейміз.

Жалпы, картофель фриді 17-ғасырдың соңында бельгиялықтар ойлап тапқан. Содан бері сұраныс көп. Қазір Ерсін Құрмашевтың қожалығы сапалы өнім алу үшін күш жұмсауда. Егер голландиялық компанияның талаптарын бұлжытпай орындаса, тұқым өндіруші сертификатын алады. Ал элиталық тұқымнан түсетін табыс та қомақты. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы