384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қазпошта» кәсіпкерлерге кедендік рәсімдеудің оңайлатылған түрін ұсынды

  • 187
  • UPD: 11:03, 04.07.2019

Тауарды шетелге «Қазпошта» бөлімшелері арқылы жіберуге болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Қазпошта» кәсіпкерлерге кедендік ресімдеудің оңайлатылған түрін ұсынды. Бұл жақында заңға енгізілетін түзетулер арқылы мүмкін болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, заңды тұлғалар үшін тауарларды жеңілдетілген экспорттау сервисі енгізілді.

Қазір кез келген тауарды әлемнің әр еліне жеткізу жеңілдей түсті. Жақын маңдағы «Қазпошта» бөлімшелеріне барсаңыз болғаны. 30 келіге дейінгі жүк әп-сәтте керек жеріне оралып, қатталып жіберіледі. Мысалға Аружан Нұртілеу де «Қазпоштаның» жаңа қызметін пайдаланып, өз тауарын Әзірбайжанға жіберіп жатыр.

Аружан Нұртілеу, косметикалық компанияның өкілі:

- Әзірбайжанға косметика жіберуге келіп отырмын. Бұрын тауарды Қазақстан ішінде жіберу іске асырылатын. Қазіргі кезде Әзірбайжанда франшиза ашылғандықтан, осы «Қазпоштаның» көмегімен тауар жіберетін болдық. Өте оңай, шамамен 5-10 минут қана уақыт алады.

Шынымен кәсіпкер уақытын үнемдеді. Себебі, бұрын тауарын жіберу үшін кеден органдарына барып, кедендік алымдарды төлеп, рәсімдеген соң ғана поштаға жіберілетін. Қазір бұл қызметті «Қазпошта» бөлімшелері атқарады. Және экспорттаушыларға тауарларға арналған пошта құжаттарын пайдалануға мүмкіндік береді.

Наиля Сұлтанова, «Қазпошта» АҚ электронды коммерция департаментінің бас менеджері:

- «Қазпошта» арқылы еліміздің әр өңіріне, әлемнің кез келген еліне тауарды тікелей жеткізуге болады. Сондай-ақ жүкті рәсімдеу уақытын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік туды. Кәсіпкерлер қазір кеденге бармай-ақ, бірден біздің бөлімшелерге келіп, тауарларын рәсімдеп жібереді.

Бұған дейін азын-аулақ тауарын жіберу үшін де кеден жағалап жүретін кәсіпкерлер енді «Қазпошта» қызметіне жүгінетін болды. Интернет дүкендердің саудасы да қыза түсті. Бұл еліміздегі электрондық коммерцияның дамуына серпін бермек.

Авторлары: Марал Аманжолова, Айнұр Қуатқызы, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы