388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сириядағы соғысты көзімен көрген жалғыз қазақстандық журналист әйел марапатталды

  • 383
  • UPD: 11:40, 04.07.2019

Қазақстандық журналист Ақмарал Баталова Лондонда халықаралық WinTrade сыйлығын жеңіп алды.

Ол «Хабар 24» телеарнасының тапсырмасы бойынша Сирия қақтығысы туралы жасаған репортаждары мен фильмдері үшін “Жыл әйелі” аталымымен марапатталды. Сыйлыққа тілшіні Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының бір топ өкілі ұсынған. Лондондық әріптесіміз Ғалымжан Қараманұлы сабақтайды.

Ақмарал Баталова – соғыс басталғалы ресми түрде Сирияға барған жалғыз қазақстандық журналист. Ақмарал сол елдегі қанды қақтығыстарды зерттеп, Астана процесі бойынша шолу-мақалалар жазып келеді. Сондай-ақ босқын, терроризм және антирадикализм тақырыптарында деректі фильмдер түсіріп жүр. Өз жұмыстарында ол әскери оппозицияның да, бейбіт келіссөздерге қатысушы сириялық үкіметтің де көзқарастарын пайдаланады.

Ақмарал Баталова, журналист:

- Сирия халқы бізді өте жылы қабылдады. Әйелдер көшеде қасымызға келіп, мені бетімнен сипап, сүйіп, алғыс айтумен болды. Өйткені олар мені шетелдік екенімді түсінді. Дамаскідегі такси жүргізушілері бізден жолақы алмады. Бізді олар жақсы ырымға балады. Егер шетелдік әйел елге келсе, туристер де қайта оралады деп ойлады.

WinTrade халықаралық ұйымының негізін 1996 жылы британиялық бизнес-ханым және Британ империясы Аса лауазымды орденінің кавалері Ивонн Томпсон қалағаны белгілі. Ұйым жұмысы әйелдердің әртүрлі салалардағы қайраткерлігін қолдауға бағытталған. Қазақстандық алған жүлде озық ойлап, үйреншікті жұмыс кеңістігінен әрі аса алған, әйелдердің және аз танылған қауымдастықтардың қабылдау қабілетін өгертуге мүмкіндігі бар екендігін дәлелдеген нәзік жандыларға беріледі.

Ақмарал Баталова, журналист:

- Ұлыбритания жұртшылығын қызықтырған ең басты мәселе өз репортаждарымда Сирияның өзінде тұратын аштық пен суықтан, соғыстың барлық ауыртпашылығынан, терроризмнен жапа шегіп, соғысып, елді аяғына тұрғызып жатқан адамдарға сөйлеуге мүмкіндік бергенім маңызды болды деп ойлаймын.

Марапаттау рәсімі бір аптаға созылған WinTrade Week  форумының шарықтау кезеңі ретінде ұйымдастырылды. Биылғы форумның тақырыбы «Экономикадағы әйелдер цифрлық технологиялар және жасанды интеллект ғасырында». Ағымдағы жылы WinTrade сыйлығына 20 аталым бойынша әлемнің 500 әйелі таласса, онлайн-дауыс беруге 11 мыңнан астам адам қатысқан.

Ақмарал Баталова, журналист:

- Менің «Хабар 24-ке» деген алғысым шексіз. Телеарнада шынымен де жоғары кәсіби мамандар жұмыс істейді. Олар менің репортаждарымды техникалық тұрғыда қамтамасыз етіп, құндылығын арттырды.

Марапаттау рәсіміне дейін Ақмарал Баталова Лордтар палатасында сөйлеу мүмкіндігіне ие болды. Шараға Британия парламенті, Корольдік әскери-теңіз флотының өкілдері және WinTrade форумына әр елден келген әйелдер қатысты. 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы