389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде 150-ге жуық қар барысы бар

  • 346
  • UPD: 23:59, 04.07.2019
Елімізде 150-ге жуық қар барысы бар

Бұл туралы Snow Leopard Foundation халықаралық қорының басшысы Ержан Еркінбаев мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның айтуынша, ғалымдар фототұзақтар мен генетикалық зерттеулердің нәтижесінде осындай тұжырым жасауға мүмкіндік алған.

Жалпы, дүние жүзі бойынша ілбіс жойылып кету қаупі бар жануардың қатарында тұр. Осыған орай елордада қар барысы популяциясын сақтау мәселелеріне арналған жаһандық конференция өтті. Жиынға ілбіс мекен ететін 12 елдің өкілі қатысып, ғылыми ақпараттар мен статистикалық деректерді ортаға салды. Мамандар қар барысын сақтауда жан-жақты шаралар қабылданып жатқанымен, оны заңсыз аулау әлі де тыйылмай тұрғанын айтады. Жалпы, Қазақстан бойынша ілбістер Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарын мекен етеді. Ал әлем бойынша төрт мыңнан астам ғана қар барысы бар екен.

Ержан Еркінбаев, Snow Leopard Foundation халықаралық қорының басшысы:

– Негізі еліміз бойынша ілбіс жануары бұдан да көп болуы керек. Сондықтан ел аумағындағы қар барысының әрқайсысына төлқұжат жасап, ат қойсақ деген ойымыз бар. Ал фототұзақтар мен генетикалық зерттеулер арқылы жүргізілетін мониторинг нәтижелерін халықаралық ақпарат орталығына жинақтауды жоспарлап отырмыз.

Григорий Мазманянц, WWF Орталық Азия бағдарламасының директоры:

– Бұған дейін қар барысын қорғау үшін 12 мемлекет жеке-жеке әрекет етіп келді. Оның нәтижесі шамалы екенін уақыт көрсетіп отыр. Бүгінгі конференцияның мақсаты – күш біріктіріп, ілбіс популяциясын сақтауда бірлесіп әрекет ету. Бұл жерде трансшекаралық шаралардың маңызы зор. Фототұзақты көпшілік аң санын білу үшін ғана құрылады деп ойлауы мүмкін. Қазір фототұзақтар браконьерлерге де үлкен тосқауыл болып тұр.

Хабар 24 телеарнасы