384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да пара алған лауазымды тұлғаның кесірінен ондаған ауыл отынсыз қалды

  • 181
  • UPD: 23:58, 04.07.2019

Солтүстік Қазақстан облысындағы бір емес, ондаған ауылдың тұрғындары осындай жемқорлықтың салдарынан қысқа отын дайындай алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қызылжар ауданында екі орман шаруашылығының директорына қатысты қылмыстық іс қозғалып, ағаш кесуге тыйым салынған. Қазір олардың жұмысы жаппай тексеріліп жатыр.

Жан Сейітов жаз бойы отын дайындаумен айналысады. Биыл ол 155 шаршы метр ағаш кесуге рұқсат алды. Ол үшін 270 мың теңге төлеген. Қағаздары қолында. Енді кәсіпкер құлатқан қайыңдарын шығара алмай отыр. 

Жан Сейітов, кәсіпкер:

– Міне, тиелген көліктер қозғалмай тұр. Жұмыс жүргізуге тыйым салды. Шығынға баттым. Оны ескіріп жатқан ешкім жоқ. 200 отбасы отын күтіп отыр. Күнде сұрайды. Не деп жауап берерімді білмеймін.

Бұл бір ғана Жанның басындағы жағдай емес. Рұқсат қағазын алған адамдардың барлығына да ағаш кесуге тыйым салынған. Отынсыз отырған жұрт бүгін тағы көше басына жиналып, мән-жайды жайып салды.

Наталья Семаненко, зейнеткер:

– Отын былтыр да болмады. Қазан айында қаладан 100 мың теңгеге сатып алдым. Оның өзі дымқыл, дұрыс жанбады. Қазір отынның уақыты. Тағы да жоқ. Өзім жалғыз тұрамын. Сондықтан маған қиын.

Андрей Акимов, ауыл тұрғыны:

– Орман пайдаланушылары жолдың жиегіндегі ағаштарды алады. Түк қалдырмады. Ал қарапайым адамдар үшін отынды 25-30 шақырым жерден береді. Ол жақ тізеден су.

Тұрғындардың дені бұл уақытта қысқыға қамданып алатын. Биыл орман шаруашылығының директорына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тексеріс тағайындалды. «Комиссия мүшелері ағаш кесуге бөлінген жерлерді өлшеп, әр талды түгендеп жүр», – дейді мамандар. Екі ортада халық қиналып отыр.

Әмірбек Таққұжин, орман шаруашылығы директорының міндетін атқарушы:

– Мен түсінемін, қазір отынның нағыз науқаны. Ол шектеуді мен қойған жоқпын. Тексеріс болып жатқандықтан, осы жұмада шешіледі деп ойлаймын. Өзім де отын дайындаған жоқпын.

Пара алған директорға қатысты сот үкімі шықты. Оның кінәсі толық дәлелденіп, 6 млн 750 мың теңге айыппұл салынды. Ал орман шаруашылығының қызметкерлері құзырлы органға хат жазып, ағаш кесуге рұқсат сұрап отыр.

Авторлары: Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы