389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында республикалық жастар білім лагері жұмысын бастады

  • 426
  • UPD: 23:57, 04.07.2019

Ақмола облысының Зеренді курортты аймағында бүгін республикалық жастар білім лагері өз жұмысын бастады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Үш маусымнан тұратын ауқымды жобаның алғашқы кезеңіне еліміздің барлық аймақтарынан 180, ал көршілес Ресей, Моңғолия және Қытай елдеріндегі қазақ қауымдастықтарынан 20 шақты жас келді.

Жалпы, республикалық жастар білім лагері Зеренді жерінде екінші рет өткізіліп отыр. Оның өзіндік себебі бар. Өйткені курортты аймақ, жастардың бойларын да, ойларын да сергітіп, олардың жаңа білімді жақсы меңгерулеріне себепші болмақ. Оның үстіне лагерь бағдарламасы бойынша табиғат аясында спорттық сайыстар өткізу де жоспарланған.

Ал мұндағы жастар – мыңның ішінен іріктелгендер. Олардың әрқайсысының кәсіпкерлік бағытында өзіндік идеялары бар. Мәселен, Ақмола облысының Егіндікөл ауылынан келген Бағдәулет Қуанышев: «өңірде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт ашсам», – дейді. Бірақ бұрын бизнеспен айналысып көрмеген 21 жастағы жігіт көп нәрсені біле бермейді.

Бағдәулет Қуанышев, қатысушы:

– Менің жобама керекті сома – 500 мың теңге. Осында келген себебім, тәжірибе алмасып, жаңа достар табу. Бұл лагерьден мен тәжірибелі адамдардан сабақ алғым келеді. Білмейтінімді үйреніп, ақшалай көмек көргім келеді.

Еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырып отырған бұл лагерьдің де мақсаты осы. Жастардың бизнес жобаларына жан-жақты қолдау білдіру. Мәселен, мұнда жаз бойы 600 адам қатысатын болса, олардың ішінен 30 үздік жоба іріктеп алынады. Ал озық идеяларды жүзеге асыру үшін 15 млн теңге қаржы қарастырылған.

Асылбек Қожахметов, «Қазақстанның азаматтық альянсы» ЗТБ президенті: 

– Лагерь бағдарламасында жастарға тек кәсіпкерлік бағытында білім беру ғана қарастырылмаған. Сондай-ақ оларды жігерлендіру, қазіргі тілмен айтқанда, мотивация беру жағы да ойластырылды. Ол үшін түрлі салада толағай табыстар мен жоғары жетістіктерге жеткен елімізге ең танымал тұлғаларды шақырдық. Олардың өмір жолы қатысушыларға әсер етпей қоймасы анық. 

Аталған іс-шара – биыл Жастар жылының аясында өткізіліп отырған ауқымды жобалардың бірі. Жалпы, осы жылы кемінде 250 мың жас мемлекеттің қолдауын сезінеді деген жоспар бар.

Мадияр Қожахмет, ҚР АҚДМ жастар және отбасы ісі комитетінің төрағасы:

– 15 мыңнан астам жасқа қазір несие беру мәселесін қолға алып жатырмыз. 3 мыңнан астам жастың үймен қамтамасыз ету мәселесі осы биыл шешілуі керек және 200 оқу орнының, оның ішінде 20 университет пен 180 колледждің материалдық базасын көтеру мәселесі бар. Ол оқу орындарында біздің 100 мыңнан астам жасымыз оқып жатыр.

Айта кету керек, өткен жылғы жастар білім лагері инновациялық идеяларды қолдауға бағытталса, биылғы шара әлеуметтік үлесі басым шағын және орта бизнестегі тың жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Ал ең басты мақсат – жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашу.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы