384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бауыржан Байбек Арыс тұрғындарымен кездесті

  • 261
  • UPD: 23:57, 04.07.2019

Арыс қаласында атқарылып жатқан істер Nur Otan партиясының жіті бақылауында, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймаққа жұмыс сапарымен барған партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осылай деді. Ол әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті. Төтенше жағдайға байланысты құрылған облыстық жедел штабтың жұмысымен танысты.

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары алдымен апат салдарынан қираған әлеуметтік нысандарды аралады. Ол ғимараттарды қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, «Алтын тұмар» балабақшасы ұжымымен кездесті.

Бауыржан Байбек, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

– Елімізде осындай жағдай қайталанбасын. Елбасы өзі тапсырма берді. Біздің президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тапсырма берді. Біз партия тарапынан қоғамдық партиялық бақылауды күшейтеміз. Тағы бір рет партия басшыларына айтып шықтым, әрбір адаммен, әрбір отбасымен қарым-қатынас орнатып, сөйлесу керек. Қазіргі жағдайда психологиялық тұрғыдан көмек көрсетілуі керек, әрбір адам өз проблемасымен жалғыз қалмауы керек.

17 секторға бөлінген шаһарда 170 топ жұмыс істеп жатыр. Олар еліміздің барлық облыстарынан және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан келген арнайы бригадалар. Байбек жергілікті азаматтарды өз қаласын қалпына келтіруге атсалысуға шақырды.

Бауыржан Байбек, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

– Жергілікті азаматтар үйде отырмасын. Жұмыс істесін бірге. Сіздер ақша табыңыздар. Жұмыс қой, ақша құйылып жатыр. Жұмыс істеңіздер. Жазда жұмыссыз қалмайсыздар. Әрі қарай ойластырамыз. Соны түсіндіріңіздер. Ал мына жағдай қайталанбайды. Қорғаныс министрі бар, орынбасары бар, көшіреді.

Апат салдарынан баспанасынан айырылғандардың бірі – Талғат Ибрагимов. Оқыс оқиғадан кейін оның жаңа салынған үйі тұруға жарамсыз болып қалған. Енді алматылық бригада Талғатқа жаңа қоныс салумен айналысады.

Талғат Ибрагимов, Арыс қаласының тұрғыны:

– Алматы қаласына қарайды бұл жер. Мешіт жақтан азық-түлік әкеп бөліп беріп жатыр.  Көмек әзірге сол болып тұр. Үйді соғып береміз деп жатыр ғой. Көрген түстей болып отыр ғой бұл жағдайдың бәрі. Бәрі енді келіп жатыр, қимыл-әрекет басталды.

Партиялықтар «Арысқа көмек» акциясы аясында өңірлерден келген көмек керуенін күтіп алуға қатысты. Сондай-ақ олар қаланы қалпына келтіруге қатысқан әр өңірдің жұмысы жеке бағаланып, халыққа апта сайын есеп беріліліп отыратынын жеткізді.

Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова

Хабар 24 телеарнасы