384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жыл соңына дейін Байқоңыр қаласы толықтай газдандырылады

  • 185
  • UPD: 23:56, 04.07.2019

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүзеге асырған «Қызылорда облысының 5 елді мекенін газдандыру» инвестициялық жобасы аяқталуға жақын, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазірдің өзінде жұлдызды қалашықтағы 61 көпқабатты үйдің тұрғындары отандық отынды тұтынып отыр.

Үйлеріне газ кірген Төлековтер отбасының қуанышында шек жоқ. Бұл күнді мерекеге теңеп, бауырсақ пен бәліш пісірді. Олардың айтуларынша, отандық көгілдір отын әлдеқайда арзан.

Несібелі Жаймұратова, Байқоңыр қаласының тұрғыны:

– Бұрын біз бір куб газға 160 рубль төлейтінбіз. Қазір 21 теңге дегенге қуанып жатырмыз. Біздің халыққа үлкен жеңілдік. Бәрі тегін.

Бүгінгі таңда Байқоңырдағы 61 көпқабатты үй мен бірқатар қазақстандық әлеуметтік нысан өзімізде өндірілетін газға қосылды. Осылайша «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы әзірлеген Жол картасын жұлдызды қалашық әкімдігі мен облыстық энергетика басқармасы бірлесе жүзеге асырып жатыр.

Қуаныш Сансызбаев, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ҚӨФ Байқоңыр қаласы газ шаруашылығының директоры:

– Жол картасына байланысты 3 маусымнан бастап қаланы толық газдандыру жұмыстары басталды. Бүгінгі күнге 61 тұрғын үй толық газдандырылып тұр. Күнделікті 3-4 үйден қосылып, жұмыстар жүріп жатыр. Жалпы, қала бойынша 323 көпқабатты тұрғын үй бар. Ол 20 400-дей абонент болады, 20 400-дей пәтер.

Байқоңырды газдандыру жұмыстары 5 жыл бұрын басталған еді. Осы уақыт ішінде 33 шақырымнан астам көшеаралық құбырлар тартылып, газ жеткізетін бұрма-газ құбырлары салынды. Қала әкімдігі 10 мың ескі газ плитасын ауыстырды. Бұрын газ баллонын пайдаланған 42 үйде үйішілік газ жабдықтары орнатылды.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Райхан Тажибаева

Хабар 24 телеарнасы