384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл Атырау қаласы мен іргелес елді мекендерде 102 шақырым жол төселмек

  • 179
  • UPD: 10:28, 05.07.2019

Былтыр Атырау қаласы мен қала аумағына қарасты елді мекендерде ұзындығы 207 шақырымды құрайтын 205 көшеге асфальт төсеу жоспарланған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда, мердігер мекеменің жауапсыздығынан жоба жүзеге аспай қалды. Биыл жергілікті билік қосымша қаржы көзін тауып, Атырау қаласы мен іргелес елді мекендерде жол құрылысын толық аяқтауға кірісті.

Теміржол вокзалы мен Атырау әуежайын қосатын даңғылының ұзындығы 10 шақырым. Бұған дейін көшенің тарлығынан бұл арада жиі көлік кептелісі орын алатын. Енді күрделі жөндеуден соң бұл арада әсем, алты жолақты үлкен даңғыл іске қослымақ.  

Облыс орталығындағы негізгі көшелерде қайнаған құрылыс жұмыстары қарқын алды. Осы жылы Құрманғазы, Бейбарыс, Уәлиханов секілді сегіз көше толықтай қайта жаңартылатын болады. 

Азамат Нысанбаев, мердігер мекеменің бас инженері:

- 10 метрден 15 метрге дейін кеңейетін болады. Төрт жолақ болады. Бұл жол екі типтен тұрады. Екіншісі төрт жолақ, Аманшин көшесінен әрі қарай алты жолақ болады. Асфальттің қалыңдығы 30 см дейін болады

Сондай-ақ қайта жарақтандырылған көшелер осы заманғы ең озық технология негізінде жасақталады. Жарық үнемдегіш диодты көше шамдары, жылы аялдамалар салынады. Жалпы биыл қала мен оған іргелес елді мекендерде 97 көшеге асфальт төселеді.

Ақесен Ыбырайым, ТҮКШ өндірістік секторының меңгерушісі:

- Соның ішінде жаяу жүргінші жолдары, веложолдар, жаңа аялдамалар көше жарығы жаңа үлгідегі, осындай жұмыстар қарастырылған. Ағымдағы жылы Тасқала-3, Дамбы-2, Ақсай-2, Еркінқала-2 көшелерінде жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, Атырау қаласы мен оған іргелес елді мекендерде ұзындығы 71,2 шақырымды құрайтын 141 көшеде жол құрылысы жалғасады. Былтыр мердігер мекеменің салақтығынан жоба аяқсыз қалған болатын. Биыл жұмысты жалғастыру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 49 млрд теңге қаралыпты. «Аталған жобада былтырғы жылдың қателігі қайталанбайды», - дейді жергілікті билік басындағылар.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы