388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұр-Сұлтандықтар Елорда күніне орай 100-ден астам шараны тамашалай алады

  • 653
  • UPD: 12:11, 05.07.2019

Биыл елорда күні өтетін шаралар 3 есеге қысқартылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сәйкесінше, шығыны да азайды. Бұған дейінгі жылдары 300-ден астам түрлі бағдарлама ұйымдастырылатын еді. Биыл тіпті Open Air шарасы да өтпейтін болды. Қала әкімдігі мерекелік отшашудың да болмайтынын хабарлады. Бөлінген ақша Арыс қаласы тұрғындарын қолдау қорына аударылды. Дегенмен, мереке тойланбай қалмайды. Елордалықтар мен қала қонақтары 100-ден астам шараны тамашалайды.

Той болатын үйде құрақ көрпе төсегендей, елорданың көшелері қызыл-жасыл гүлмен көмкерілді. Мерекеге дайындық осылай басталды. Сарыарқа ауданына қарасты аумақта 14 мың шаршы метр жерге гүл егілді. Мысалы көпжылдық гүлдер жылда 1,5 мың шаршы метр жерге отырғызылатын болса, биыл 2000 шаршы метрге ұлғайды. «Бұл елордаға ерекше тарту», - дейді мамандар. Одан бөлек, көшелер абаттандырылып, тазалық шаралары жүргізілді.

Биыл жылдағыдай көп шара болмайды. Мереке отшашусыз өтеді. Алайда, қала тұрғындары мен қонақтарының көңілін көтеретіндей бағдарлама жасалды. Мерекелік шаралар бірнеше күн бұрын басталып кетті. Қаладағы мәдениет ошақтарында көрме-жәрмеңкелер, концерттер мен спорттық шаралар өтіп жатыр. Ал дәл алтысы күні өтетін шараларға қызу дайындық жүруде. Мысалы, би фестивалі ашық аспан астында ұйымдастырылады. Қазір заманауи би түрлеріне іріктеу жүріп жатыр. Жастардың қызығушылығы өте жоғары.

Асыл Зағыпаров, ұйымдастырушы:

- Біздің шара 3 кезеңмен өтеді. Алдымен іріктеп аламыз. Сонан соң шеберлік сағаттарын ұйымдастырамыз. Қорытынды концерт қала әкімдігі алдындағы алаңда өтеді. Жыл сайын 500-600 адам қатысады. Осымен 10 жыл қатарынан ұйымдастырып отырмыз.

Биыл ТМД және шетелдердің өнер жұлдыздары шақырылған жоқ. Есесіне, өз еліміздің әншілері жер-жерде өтетін концерттерге қатысады. Жалпы іс-шараларға 600 мыңнан астам елордалық және 250 мыңнан астам қонақ қатысады деп жоспарланған.

Нарима Мұхамбеталина, қалалық мәденит және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

100 мерекелік шараның 80%-ін тегін тамашалауға болады. Кез келген адам көре алады. Атап айтатындай ірі шаралардың қатарында, «Азия жаңғырығы» цирк өнірінің халықаралық фестивалі, «Астана самалы» халықараралық үрмелі аспаптар фестивалі бар. Оның соңы үлкен мерекелік шеруге ұласады.

Мерекелік шараларды Ұлттық домбыра күніне арналған  концерт қорытындылайды. Концерт 7 шілде күні «Қазақ елі» монументі алдындағы алаңда өтеді. Қатысқысы келген әр адам домбырашылар қатарына отыра алады. Ол үшін «Сарыарқа», «Адай», «Әлқиса», «Көңіл толқыны», «Балбырауын» және «Көроғлы» күйлерін орындай білу шарт.

Хабар 24 телеарнасы