384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында сапасыз салынған жолдар қайтадан жөнделіп жатыр

  • 333
  • UPD: 12:14, 05.07.2019

Жамбыл өңірінде пайдалануға берілмей жатып тоз-тозы шыққан жолдар қайтадан жөнделіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Естеріңізде болса, өткен жаңалықтарда орта және күрделі жөндеу көрген облыстық мәндегі жолдардың сапасыз жағдайы туралы айтқан болатынбыз. Мониторинг жасалып сараптама жүргізілу нәтижесінде оның бірқатар себебі анықталып, құрылыс жұмыстары қатаң бақылауға алынды. Қазір мердігер компаниялар жолдың бүлінген бөліктерін өз қаржысына қайта төсеуді бастады.

Қайтадан жөнделіп жатқан «Тараз-Аса-Ақкөл-Саудакент және Ақкөл-Үшарал-Тоғызкент» бағытындағы жолдар. Құрылысты жүргізген мердігер компания жұмысын «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» жіті тексерген. Нәтижесінде екі нысанның 6 шақырымдай бөлігінің сапасы талапқа сай келмейтіндігі анықталды.

Әбдірахман Даубаев, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» маманы:

- «Аса-Ақкөл-Саудакент «автожолының 51-53-ші шақырым аралығындағы табылған ақаулар бойынша түгелімен дерліктей ақаулар жойылды. Және тегістеу жұмыстары жүргеннен кейін енді беттік өңідеу жұмыстары қалды. Оны мердігер өз күшімен атқарады. Үшарал-Тоғызкент нысанында ақауды жою бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Біздің бақылауымызда тұр.

Енді құрылыс компаниясы бір жыл бұрын өздері төсеген жолды қайтадан жөндеп жатыр.

Мұратбек Есібаев, құрылыс компаниясының директоры:

- Жерді қайтадан бәрін ашып, қайтадан бәрін қалыпқа келтірдік. Қазір ол келген шығын 20 миллиондай болып қалған шығар деп ойлаймын.

«Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Биыл мамандар жыл соңына дейін 46 нысанды сараптамадан өткізеді.

Виктор Измаилов, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» зертханашысы:

- Қазір жолдың тегістігін, ұзындығы мен енін зерттеп келе жатырмыз. Ақауларды арнайы заманауи кешен анықтайды. Құрылыс кезіндегі қателіктер бейнекамераға түсіріліп, кейін сараптама жасалады. Табылған кемшілік тіркеліп, хаттама толтырылады. Кейін жауапты мекемеге жіберіледі.

Жолдардың жылдам тозуының негізгі факторы «шамадан көп түскен жауын-шашын мен жүк көліктері»,  дейді мамандар. Онсыз да жұқа асфальт аса ауыр салмақты көліктердің қатынауына есептелмеген көрінеді. Осы тұста заңды сұрақ туындайды: Миллиардтаған мемлекет қаржысына салынған жолдармен емін-еркін тайраңдаған темір тұлпарларға тосқауыл қоюға не кедергі?

-Көліктік бақылау инспекциясының қандай да бір жүк көліктерінің салмағын өлшеп тұрғанын, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқанын көзіңіз шалды ма?

Блиц-1:

Жоқ. Көрген емеспін. Көрген жоқпын.

Блиц-2:

- Жоқ. Бұған дейін көрген емеспін.

Блиц-3:

- Жоқ. Мен өзім көрген жоқпын.

Дәл, осы жыр болған жолға жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінің қанша рет шығып, неше рет тексеру жұмыс жүргізілгендігін жергілікті көліктік бақылау инспекциясынан телефон арқылы да, арнайы барып та ақпар ала алмадық. Білдей Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрлігі көлік комитетіне қарасты мекемеде тілшіге жауап беретін маман табылмады.

Айтпақшы өткен жолғы тұз артылған үш жүк көлігі 10 күннен бері айыптұрақта тұр. Шамасы заң бұзу дерегі анықталған болуы керек. Мейлі ол да әшкереленер. Жуырда шалғай аудан мен ауылдарды байланыстырып тұрған жолдар пайдалануға беріледі. Бірақ осындай шамадан тыс жүк тиеп жүретін ауыр көліктерді тоқтатпай, оның қайта таз қалпына түспейтініне кім кепіл?

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы