389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ең танымал көше сыпырушы елорда алаңын жүректермен әрледі

  • 374
  • UPD: 15:30, 06.07.2019

Елорда көшелерінде бейнеленген жүректердің авторы Саша ағай қала күнін тойлауға өз үлесін қосты, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мереке қарсаңында ол шаһар тұрғындарын жаңа суреттерімен қуантты. Біздің түсірілім тобы елордадағы ең танымал көше сыпырушысымен тілдесіп қайтты.

Мына жүректердің авторы – Саша ағай. Елордадағы ең танымал аула сыпырушысы 16 жыл бойы қала көшелерін өз суреттерімен сәндеп келеді. Мұндай туындыларды шаһардың түрлі аудандарынан бастап жағалауға дейін, тіпті әкімшілік ғимараты алдынан да көруге болады. «Мақсатым – тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлау», – дейді ол.

Саша Ағай, аула сыпырушы:

– Мен адамдардың жүрегі жылы, мейірімді болғанын қалаймын. Адамдардың барлығы Құдай алдында тең, сондықтан арамыздағы сыйластықты жоғалтпауға шақырамын. Жүректің бейнесі мен үшін жылулықтың нышаны. Мен салған жүректер көп адамға көмектесті деп ойлаймын. 

Қала көшелеріндегі жүрек суреттері әлеуметтік желілерде таралғаннан кейін Саша ағай туралы барлық тұрғындар да біле бастады. Оның ерекше туындыларын қысы-жазы көруге болады. Алғашқы жүректер қыста қардан ойып жасалған. Кейін автор өзге өңірге кеткендіктен суреттер саны сиреген. Алайда жергілікті әкімшілік өкілдері Саша ағайды қайта шақырып, керекті құрал-жабдықтарын алып берген. Осылайша суретші көше сыпырушы жұмысы мен сүйікті ісін қатар алып келеді.

Саша Ағай, аула сыпырушы:

– Сарыарқа ауданының әкімдігі мені Қостанайдан қайта шақыртып алды. Олар маған хабарласып, «Саша ағай, сіздің суреттеріңіз халыққа ұнайды. Елордаға келіңіз» деді. Мен қуана келістім. Таңғы сағат 5-6 кезінде жұмыс күнім басталады. Мен үшін ең бастысы қалада жүрек көп болуы керек.

Бояу, бор, сыпырғыш. Саша ағай құрал талғамайды. Қолында бар нәрсемен суретін салып, елордалықтарға ерекше көңіл-күй сыйлайды. Қарапайым жұмысшының өнерін тұрғындар да жоғары бағалайды. 

Қазір Саша ағай қала алаңын әрлеп жатыр. Кейде ол жастардың көшеде жазып кеткен бейәдеп сөздерін бояп, оның орнына өзінің жүректерін бейнелейді.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Өмірбек Изимов, Абдулла Исаев

Хабар 24 телеарнасы