384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорданың 300 мыңнан аса тұрғыны саламатты өмір салтын ұстанады

  • 123
  • UPD: 15:29, 06.07.2019

Яғни шаһар халқының 29 проценті дене шынықтырумен тұрақты айналысып, бұқаралық спорттың дамуына атсалысып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ел астанасында әуесқой спортшылар санының өсуіне байланысты жаттығу кешендерінің жетіспеушілігі байқала бастады. Осыған байланысты денешынықтыру алаңдары мен жүгіру жолдары көптен салынып жатыр. Енді алдағы уақытта тағы төрт спорт кешенін салу жоспарда бар.

Ел астанасы – әкімшілік әрі іскерлік орталық. Сондықтан таңмен таласа тұрған тұрғындардың басым бөлігі сағат тоғызда жұмыс кабинеттерінде отыруы мүмкін. Алайда қызмет пен дене шынықтыруды ұштастырып, жаттығуға уақыт табатын жұрттың да қатары көп. Таңғы мезгілде жүгіріп, жаттығуды қалайтындар ботаникалық саябаққа жиналады. Жаңадан ашылған ерекше бақ әуесқой спортшылардың сүйікті мекеніне айналған. Мұнда велосипед пен жүгіру жолдарынан бөлек теннис, футбол, баскетбол алаңдары бар. Ботаникалық саябаққа жиі келетіндердің бірі – Рая Саламатова. 70 жастағы әжей таңғы сегізден бастап бой сергітеді, түрлі жаттығулар жасайды. Жастарға үлгі көрсетеді.     

Рая Саламатова, қала тұрғыны:

– Күніне үш км жүремін. Сосын жаттығуларды жасаймын. Таңғы сегізде шығамын, сегізден онға дейін осында боламын. Өзімді жеңіл сезініп, 10-15 жас тастап кетемін.  

Қазір елордада 719 спорттық нысан бар. Оның 324-і ашық және жазық алаңдарда орналасқан жаттығу орындары. Бірақ мұның өзі тұрғындардың жаппай спортпен шұғылдануына аздық етеді. Сонымен қатар қажетті нысандарының халыққа қолжетімді болуы да маңызды.

Азат Садықов, қалалық мәдениет және спорт басқармасының бас маманы:

– Бізде шет аймақтардағы тұрғындардың спортпен айналысуы үшін төрт денешынықтыру кешенін салу жоспарланып отыр. Осыған орай қазір жобалық-сметалық құны әзірленуде. Бұл аймақтар «Көктал-2», «Ильинка», «Железодорожный» , «Өндіріс» аудандарында орналасады. Олардың салыну құрылысы 2021-2022 жылдарда аяқталады.

Елорда спорттық қала мәртебесіне сай болуы керек. Сол үшін тұрғын үй алаптарында стритворкаут секілді көше спортына арналған құрылғылар орнатылып, ойын алаңдары көптеп салынды. 183 велотұрағы бар велобайк жобасы да тиімді жұмыс істейді. Бұл жобалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асты. 

Авторлары: Қанат Базылханов, Асхат Қарақойшиев, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы