389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан астанасы түнде ерекше жарқырайды

  • 298
  • UPD: 15:29, 06.07.2019

Қала күні қарсаңында елорда ерекше құлпырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе шаһардың сән-салтанаты түнде арта түседі. Зәулім ғимараттарға ілінген қызылды-жасылды шамдар қаланың көркіне көрік қосып тұрады. Ал елорданың  жарық жүйесіне кімдер жауапты?

Күн ұясына батып, қараңғы түскен соң елорда мүлде басқа сипат алады. Күндіз бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ ғимараттар әп-сәтте өзгеріп, өзінше жарқырап шыға келеді. Мұның барлығы қызылды-жасылды шамдардың арқасы. Мәселен, қазір Байқоңыр ауданындағы Пушкин көшесінің бойында орналасқан қос үйді жарық жүйесімен жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр. 

Мұхаммед Сәдуақасов, Байқоңыр аудандық әкімдігі өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы:

– Бұл – жарық үнемдейтін арнайы шам. Энергияны аз қажет етеді. Есесіне жарық ағыны күшті. Ауданды үнемі жарықпен қамтамасыз ететін мамандар мен қажетті техника бар. Тексеру жұмыстары кезінде ақау шыққан жабдықтардың барлығы дереу қалпына келтіріліп, қажет болса бірден ауыстырылады. Жарық жүйесі істен шығатын кездер де болып тұрады.    

Елорданың жолдары да жарқырап тұр. Қазақтың бас ақыны Абайдың аты берілген көше – бас қаладағы ең ұзын тас жолдың бірі. Сәйкесінше жарық жүйесі барынша жетілдіріліп, ең көп аспалы шам осында ілінген. 5 шақырымға созылған көшеге 210 жарық диоды орнатылған. Бұдан бөлек, Республика мен Кравцов даңғылдарының жарық жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.

Елорданың басты әкімшілік нысандары мен ғимараттары сол жағалауда бой көтерген. Әйгілі «Бәйтерек» монументі, «Нұржол» жолы, сауда орталықтары мен заманауи қонақүйлер. Олардың барлығында қуат үнемдейтін жарық диодты шамдар орнатылған.

Ярослав Гнатюк, компания директорының орынбасары:

– Есіл ауданы әкімінің аппараты бірнеше шараларды жоспарлап отыр. Бюджеттен бөлінетін қаражаттың есебінен тағы 1200 жарық диодты орнатып, жүйені жетілдіре түспек. Бұл жұмыстар Қабанбай батыр, Мәңгілік ел, Сарайшық, Ұлы дала көшелерінде жүргізіледі.

Астаналық ғимараттар мен көшелердің жарығын тәулігіне ондаған маман бақылайды. Олар аспалы шамдарды үнемі тексеріп, жүйедегі ақауларды дереу түзеп отырады. Міне, талайлар тамсанған түнгі Астана – осы азаматтардың еңбегінің жемісі.  

Авторлары: Н.Н., Ержан Рахманбердиев, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы