389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мамандар Нұр-Сұлтан мен Ереванның ортақ тұстарын атады

  • 362
  • UPD: 16:37, 06.07.2019

«Нұр-Сұлтан мен Ереванның арасы алшақ болғанымен, екі шаһарды жақындастыратын ортақ мұра, тарихи байланыс бар», – дейді ғалымдар.

Тарихшылардың айтуынша, қыпшақтар мен армяндардың бір заманда қатар бейбіт өмір сүргенінің дәлелі секілденген ежелгі қолжазбалар Ереванда әлі күнге дейін сақталса керек, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Матенадаран – сан ғасырлық тарихы бар ежелгі қолжазбалар сақталған ғимарат. Ондағы екі халықтың тарихы мен заманын байланыстыратын қыпшақ тілінде армян қарпімен жазылған қолжазбалары бұл мұрағаттың ішінде ерекше орын алып тұр. 

Оксана Карапетян әлем елдеріндегі архивтерде сақталып, ұмыт болған осы қолжазбалардың барлығын зерттеуді мақсат етті. 

Оксана Карапетян, түрколог:

– Матенадаранда 16-17 ғасырларда жазылған армян-қыпшақ қолжазбаларының 10-12 түрі сақталған. Құнды мұрағаттың ішінде түрлі діни шежірелер мен сөздіктер де бар.

«Матенадарандағы қолжазба бөлімінің аға ғылыми қызметкері Давит Казарян армян-қыпшақ қолжазбасынан  үзінді оқыды. Бұл кітаптың жазылғанына 400 жыл толды. Ғасырлар бойы жөндеу жұмысынан өтпеген қолжазба күні кеше ғана жазылғандай су жаңа күйінде сақталған.

Оксана Карапетян, түрколог:

– Ғылыми тұрғыдан зерттейтін жұмыстар әлі де көп. Мамандар үшін бұл үлкен мүмкіндік. Екі халықтың бейбіт өмірі мен екі елдің достық қарым-қатынасы қалай құрылғанын білу үшін әлі талай еңбек ету керек.  

Сарапшылардың айтуынша, армян-қыпшақ қолжазба мұрасында ғылыми айналымға түспей жатқан дүниелер әлі бар. Оларды зерттеу үшін екі елдің тарихшылары бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Бұл – «АрмИнфо» ақпарат агенттігінің басшысы Эммануил Мкртчянның пікірі. Жуырда елімізде өткен Астана экономикалық форумына қатысқан Мкртчян елорданы аралап, өзіндік мәдениетімен танысты. 

Эммануил Мкртчян, «АрмИнфо» ақпарат агенттігінің басшысы:

– Ереванға қарағанда Нұр-Сұлтан шаһары дамыған елдердің қалаларына қарап салынғаны байқалады. Ұлы дала жерінде орналасқан қаланың көркемдігі өз алдына, сәулетіне сын айта алмайсың.  Барлық қазақстандықтарды мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! 

АрмИнфо ақпарат агенттігі екі елдің ортақ байланысы жайлы тың ақпаратты күн сайын өз парақшасында шығарып отырады. Жалпы, Арменияның БАҚ өкілдері Қазақстандағы жаңалықтарды үнемі назарда ұстайды.

Авторлары: Лаура Жусупбекова, Тигран Галстян

Хабар 24 телеарнасы