389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысының жастары ауылына саябақ пен көпір салып берді

  • 455
  • UPD: 23:11, 07.07.2019
Қарағанды облысының жастары ауылына саябақ пен көпір салып берді

Қарағанды облысындағы Өспен ауылының жастары туған өлкесіне тарту жасады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қаражат жинап, өз күштерімен халық тынығатын саябақ пен көпір салып берді. Бұл – «Рухани жаңғырудың» жарқын көрінісі, – дейді ауыл ақсақалдары.

Мыңға тарта тұрғыны бар Өспен ауылын терең жыра бөліп жатыр. Көнекөз қариялар бұл жерде бір кездері өзен болған деседі, кейін тартылып қалған. Алайда көктем уақытында орны қызыл суға толып, халықтың қатынасы қиындайды екен. Осыны ескерген ауыл жастары өз күштерімен көпір салып берді.

Әнуар Үдешов, Өспен ауылының тұрғыны:

– Осы екі ауылдың ортасында көктем айында су тасқыны болады. Сол кезде балалар мектепке кешігіп қалу жағдайы бар және де судан аяқтары сыз тартуы мүмкін. Сол себепті, соны ескере отырып осындай көпір салуды шештік.

Өспен ауылында бұл күні сондай-ақ «Жастар» саябағы ашылды. Аумағы 120 шаршы метр болатын баққа қайың, қарағай отырғызылып, субұрқақ салынған. Маңайы жарықтандырылып, тұрғындар тынығатын орындықтар орнатылыпты. Бұл жұмыстарға кеткен 4 миллион теңгені де ауылдан жырақта жүрген азаматтар жинап берген.

Жарас Аманжолов, Өспен ауылының әкімі:

– 20 жылдық той, бұл Өспен ауылында дәстүрге айналған. Жылда мектеп бітірген түлектер 20 жылдығында жиналып, ауылға 2-3 іс-шара атқарып жатады. Біреулері келіп мектепке компьютер алып берсе, басқалары келіп ағаш отырғызып, енді басқалары стадионды жөндеп, тағы сондай іс-шаралар атқарып жатыр.

Осыдан 20 жыл бұрын ауыл мектебінен түлеп ұшқан азаматтар «Туған жерге тарту» эстафетасын өздерінен кейінгі жастарға жолдады. Осылайша алтын бесік ауылға деген көмек жалғаса бермек.

Айта кету керек, бұл күні жастардың ұйымдастыруымен спорттың бірнеше түрінен сайыс өткізілді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Әсет Асайынов

Хабар 24 телеарнасы