383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысындағы жастар білім лагеріне 200 адам қатысуда

  • 207
  • UPD: 23:10, 07.07.2019

Ақмола облысының Зеренді ауданында республикалық жастар білім лагерінің алғашқы маусымы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оған еліміздің барлық аймақтары мен көрші Ресей, Моңғолия және Қытай елдерінен 200 жас қатысуда.

Шараға ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың өзі арнайы барып, жастармен кездесті, сауалдарына жауап берді. Өскелең ұрпақ осы маусымда қандай жобалар ұсынып отыр?

Мұнда келген 200 жас 5 күн бойы 36 командаға бөлініп, жобалар әзірледі. Олардың ішінде жасыл экономикадан бастап, экология және ауыл шаруашылығы тақырыптарына дейін бар. Әсіресе қызылордалық Мейірбек Ізбасардың «АгроГринПарк» атты жобасы шөлді жерлерді де көгалдандыруға бағытталған.

Мейірбек Ізбасар, қатысушы /Қызылорда/:

– 500 гектарға не егіледі, тез өсетін ағаштар. Тез өсетін ағаштардан бізде тек теректі біледі. Бірақ дүниежүзінде ең жылдам өсетін – павлония деген ағаш. Павлония ағашы ол жер таңдамайды. Бірақ жерді дайындаудың өз әдісі бар. Жерді тірілту керек. Сол сияқты «АгроГринПарктің» ең басты мақсаты – эрозияға ұшыраған топырақтарды қалпына келтіру, сосын орман өспейтін жерде орман шығару. Сосын жерді тірілткеннен кейін сол жерде адамдарға егістік шығаруға, өзінің тамағын өзі табуға мүмкіндік беру. 

Үнемі ізденісте жүретін жігерлі жастар министрге де сауалдарын жаудыртты. Себебі, олар үшін қоғамның барлық саласы қызықты. Министр Дәурен Абаев та олардың сұрақтарына тұщымды жауап беріп, қазіргі жастардың өте дарынды екенін атап өтті.

Дәурен Абаев, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Қазақстанның талантты жастары келіп бұл жерде демалмайды. Бұл жерге олар шеберлік сағаттары арқылы өзінің мүмкіншіліктерін, қабілеттерін, кәсіби жағын жақсартады. Еліміздің қай салада болсын, қай жақтан келсе де, өздеріңіз жақсы білесіздер, біз оларды көбіне бағалай бермейміз, өте талантты, көздері ашық. Біз сол жастарымызға кішкене көмек беріп, серпін беріп жіберсек, еліміздің де, жастардың да болашағы зор деп ойлаймын.

Ділмұрат Сабыров, тәлімгер:

– Кейбір жобалар өте жоғары деңгейде. Олар жобаны құрғаннан кейін нарыққа шығаруға қиналып отыр. Сол үшін оларды шығару жолдарын көрсету. Қандай құралдар қолдану керектігін айту. Соның барлығына біз, спикерлер көмектесіп, негізгі жолдарын көрсетіп, оларға кішкене болса да бір көмегіміз тисе деп ойлаймыз.

Айта кетейік, лагерь жұмысы шілденің соңына дейін жалғасып, бас-аяғы 600 жасты қамтиды. Ал қатысушылар әзірлеген жобалардың ішінен үздік отызы іріктеліп, оларды қолдауға 15 млн теңге қаражат бөлінеді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы