389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-дағы еңбекқор отбасының ісі көпке үлгі

  • 309
  • UPD: 09:59, 08.07.2019

Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында тұратын Абылаевтар әулетінің ісі көпке үлгі.

Еңбекқор отбасы осыдан 10 жыл бұрын Өзбекстаннан көшіп келген. 5 балалы жанұя қазір мал өсіріп, өнімдерін ауылдастарына сату арқылы табысқа кенеле бастады. Келешекте кәсіп аясын кеңейтіп, өнімдерін шетелдерге шығаруды жоспарлап отыр.

«Ерте тұрған еркектің ырысы артық». Осыны жадынан шығармайтын Оңғарбайдың тынымсыз тірлігі әдетте таңсәріден басталады. Сиырларды өріске ұзатқаннан кейін бұзау-торпақтардың жем-шөбін қамдайды. Зайыбы Гүлшат пен қызы Жансая бұл кезде шағын цехта құрт пен майын өңдеуге кіріседі. Жоспар көп. Келешекте бие байлап, қымыз баптау, киіз үй тігіп, ауылдастарға саумал ұсыну ойда бар. Оның бәрін жүзеге асыру үшін қосымша жұмыс қолы керек.

Гүлшат Мұратқазиева, Бәйтерек ауданының тұрғыны:  

– Малға ешкім келгісі келмейді, жастар келгісі келмейді. Негізі істеймін деген кісіге жұмыс көп. Жұмысқа алар едім, маған тағы 2 кісі керек, ақшасын төлеймін. Айына 70 мың төлеймін. Таңертең малға көмектеседі, аппараттарды сиырға жалғайды. Біз ол кісіге жұмыс істетіп қоймаймыз, өзіміз бірге жұмыс жасаймыз.

10 литр қаймақ пен 500 дана сықпа құрт. Еңбекқор отбасының күнделікті өндіретін өнімінің көлемі әзірге осындай. Бірер жыл бұрын бизнесті қолдау бағдарламасы аясында несие алып, 5 бас аналық мал сатып алды. Былтыр 1 миллион теңге грант ұтып, соның көмегімен сүт өнімдерін қайта өңдейтін аппаратқа қол жеткізді. Бүгінде өндірген өнімдерін өз ауылдастарына сатып, пайда көре бастады. Тынымсыз тірлікте перзенттері де қол ұшын созады. Әсіресе 11 жасар Жансаяның көмегі ұшан-теңіз.   

Жансая Парахат, қызы:

– Мен ата-анама көмектесемін, құрт істеймін, сабағымды да 5-ке оқимын, бәріне үлгеріп жүрмін. Жазда осылай күнге кептіріп қоямыз жоғарыға шығарып, ал қыста цехтан алған кептіргішке кептіреміз. Менің арманым – дәрігер болу, ата-анам көбіне ауырып қалады, сол кезде қарайтынмын. 

Мейрам Қабдығалиев, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

– 2019 жылы бірыңғай бағдарламаны жүзеге асыруға облысымызға 1,7 миллиард теңге қаржылай ақша бөлінді. Қазіргі таңда оның 1,4 миллиард теңгесі несие субдсидялауға, 194 миллион теңге кепілдеме беруге және 47 миллион теңге мемлекеттік гранттар беруге қарастырылған. Қазіргі таңда несиелерді субсидиялау бойынша жалпы сомасы 3,9 миллиард теңгеге 50 жоба мақұлданды.

Аймақта Абылаевтар сияқты өз кәсібін өрістетуге ниетті отбасылар аз емес. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы оларға жеңілдетілген несиелер беру қарастырылған. Биыл бұл мақсатқа 600 миллион теңге теңге бағытталмақ.  

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы