384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада энергия үнемдеудің үздік әлемдік жобалары шоғырланған

  • 206
  • UPD: 14:35, 08.07.2019

Елордада баламалы қуат көздерін пайдалану кең етек жайып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бас шаһарда энергия үнемдеудің үздік әлемдік жобалары шоғырланған. Қала көшелеріндегі инновациялар мен жасыл технологиялар тұрғындарды үнемділік пен ұқыптылыққа баулуда.

Нұр-Сұлтан көшелерінде күн мен желден қуат алатын жүргіншілер жолы, көше шамдары мен автобус аялдамалары көбейе бастады. Қазір нысандарды баламалы энергия көзімен қамтамасыз ету үшін тың технологияларды қолданып жатыр. Осыдан екі жыл бұрын қала билігі жасыл технологияларды дамыту мақсатында кешенді жоспар құрған болатын. Нәтижесі айтарлықтай. Баламалы қуат көзін пайдалану арқылы бір жылда 20 миллион теңге үнемделіпті.

Мақсат Есмағұлов, қалалық отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:

– Бағдарламада 17 нысанды жаңартатын энергия көздеріне жұмыс жасауға ауыстырдық. Мысалға, қаламызда бүгінде екі көше, күн энергиясынан қуат алады. Екі жыл болды. Осы екі жыл бойы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар түрлі гаджеттерді қуаттауға болатын қондырғылар орнаттық.

Қазір ұялы телефоныңызды үйде қуаттап үлгермесеңіз, еш уайымдамасаңыз болады. Неге дейсіз ғой? Қала парктері мен жылы аялдамаларда күннен энергия алатын қуаттағыш құрылғылар бар. Сондай-ақ елорда тұрғындары «ғашықтар» деп атайтын паркте жел генераторы орнатылған ағаш бар. Сол арқылы парк аумағы түгелімен жарықтандырылып тұр.

Мақсат Есмағұлов, қалалық отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:

– Астана су арнасы толығымен өзінде күн энергиясы панельдерін орнатып, қуат алады. Сонымен бірге су бұрғыш, су тартқыштарда да күн энергиясымен жұмыс жасайды.

Бас шаһар әлі де табиғи қуат көзіне көшуді жоспарлы түрде жүргізіп отыр. Жарық пен суды үнемдеу мақсатында көптеген мемлекеттік мекемелер жасыл технологияның пәріменіне жүгіне бастаған.

Гүл пішіндес мешіттің ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Ашылған күннен бастап үнемшілдікті өзінен бастады. Алып құрылыс баламалы қуат көздеріне қосылған. Яғни күн көзі арқылы энергияны үнемдеп отыр.

Авторы: Айнұр Қуатқызы  

Хабар 24 телеарнасы