384,36 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында жылу жүйелері жаңартылып жатыр

  • 154
  • UPD: 14:35, 08.07.2019

Қыс кезінде Алматы облысындағы 33 қазандықтан жіберілген жылудың 24 пайызы тұтынушыларға жетпей орта жолда жоғалады екен, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұған құбырлар мен көпқабатты тұрғын үйлердегі жүйенің ескіруі себеп. Жылу шығынын азайтып, көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту мақсатында өңірде арнайы жоба жүзеге асып жатыр.

Әлия Төлешова былтырғыдай авариялық құтқару қызметкерлерінің көмегіне енді жүгінбейді. Жастар ықшам ауданындағы оныншы үйдің тұрғындары да қыстан қысылмай шығатын болды. Өйткені биыл көпшіліктің келісімімен жертөледегі құбырлар ауыстырылды. 30 жылдан бері қолданыста болған жылу жүйелері де жаңарды. 

Жылу жүйесін жөндеу жұмыстары 1,5 млн теңгеге бағаланған.     Тұрғындар сол қаржының бір бөлігін ғана қолма-қол жинап беріпті. Қалғанын «Талдықорған жылусервис» мекемесіне ай сайын төлеп отырады. Ескірген құбырлар ауыстырылып қана қоймай, оның көлемі де үлкейтілген.

Сергей Фираго, «Талдықорған жылусервис» МКК қызметкері:

– Элеваторға дейінгі және кейінгі құбырлардың барлығын үлкеніне алмастырылды. Бұрындары елуліктері тұрса, оған алпыстығын қойдық. Барлығын солай үлкейттік. Енді су көбірек өтетіндіктен үй жылы болады.

Талдықорғанда 753 көпқабатты тұрғын үй бар. Биыл сол баспаналардың тоқсан біріндегі жылу жүйесін ауыстыру көзделген. Мұндай шаруалар өңірдің өзге де аймақтарында қолға алынған. 

Данияр Ысқақов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

– Біздің облыста 3561 тұрғын үй бар. Биыл оның 427 қысқа дайындау күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Жартысынан көбісі жөндеу жұмыстары аяқталып, қысқа дайындықтарын әзірлеп қойды.

Облыста көше бойымен тартылған негізгі жылу құбырлары да ауыстырылып жатыр. Биыл өңірдегі 480 км аса жылу жүйесінің 43 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілмек. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы