389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ертіс өңірінде бес ауылға су құбыры тартылды

  • 396
  • UPD: 14:56, 08.07.2019

Павлодар облысының Шарбақты ауданындағы ауылдық аймақтардың 80 проценті таза ауыз сумен қамтылады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Үстіміздегі жылы бірден бес ауылға су құбыры тартылды. Александровка ауылындағы су тазарту бекетінің іске қосылуы Елорда күнімен тұспа-тұс келді.

Александровка ауылының құрылғанына жүз жылдан асқан. Алайда ешқашан орталықтандырылған су жүйесі болмапты. Бұл үйдің иелері құдықтың 1946 жылы қазылғанын айтады. Содан бері осы құдықтан су алып келеді. Мұндағы су бақша суаруға, мал суаруға, ішуге де жарайды. Құдықтан су алудың қаншалықты қиын екенін өзім де сынап көрдім.

Ішуге жарамды дегенімізбен, құдық суының  сапасын зерттеген адам жоқ. Жасы жетпіске таяған Любовь Шмыдоваға су тасу қиындап кеткен. Александровка ауылындағы екі жылға жоспарланған жоба аяқталды. Зейненткердің қуанышында шек жоқ.

Любовь Шмыдова, ауыл тұрғыны:

– Суымыз ағып тұр. Құдықтың суына қарағанда артезиан суының сапасы жоғары дейді. Өйткені сүзгіден өтеді.

Орталықтандырылған су жүйесі ауыл халқының өмірін жеңілдете түскен. Тұрғындар су жылытқыш пен кір жуатын  машиналарды орнатып жатыр.

Любовь Шмыдова, ауыл тұрғыны:

– Үйге су кіргізгенімді естіген ұлым автомат машина әкеп берді. Бұрын қалада тұратын адамдардың өмірлеріне қызығатынмын. Енді өзім де соған қол жеткіздім.

Александровка аудандағы тірек ауылдарының біріне жатады. Биылдан бастап Жаңа ауыл, Николаевка, Алексеевка сынды кішігірім елді мекендер қосылды. Осындай үлкен ауыл бола тұра тіршілік нәріне қол жеткізе алмай келген.

Мақпал Темірханова, ауыл тұрғыны:

– Осы күнге дейін өздерінің қазып алған құдықтарынан, аула ішіндегі құдықтарынан су алып келді. Бүгінгі күні әрбір үйге су тартылып жатыр. Автомат машиналар қоюға мүмкіндік бар. Сол үшін де өте қуаныштымыз.

Александрока ауылында 200 түтін бар. Оның 178-і орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Бұл – ауыл халқының көптен күткен арманы.  

Заманауи су тазарту бекеті толық автоматтандырылған. Мұнда екі оператор қызмет көрсетеді. Қандай да бір кідіріс болып жатса, қолмен басқаруға көшіріледі. Өйткені су тазарту үрдісін тоқтатуға болмайды.

Равиль Гумаров, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің жетекшісі:

– Су ультракүлгін шамдар арқылы залалсыздандырудан өтеді. Осы жерден таза су қоймаларына құйылады. Ал резервуардан аққан су тікелей ауылдың су құбыры желісіне қосылады.

Жобаны құны 500 миллион теңгеден асады. Облыс бойынша қазіргі таңда 53 орталықтандырылған су құбырының құрылысы жүріп жатыр. Бұл мақсатқа мемлекеттен 14 миллиард теңге шамасында қаржы бөлініпті. Екі жыл ішінде Павлодар облысы елді мекендерін 19-дан 40 процентке дейін таза ауыз сумен қамту межесі тұр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы