389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістандағы құрылыс жұмыстарына мыңнан астам студент тартылды

  • 291
  • UPD: 20:18, 08.07.2019

Түркістан қаласында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына мыңнан аса студент тартылды. Түркістан мен Шымкент қаласының жастары жазғы демалыста құрылыс жасағын құрып, рухани шаһарды көркейтуге өз үлестерін қосып жатыр.

Олардың кейбірі құрылысшы, сәулетші мамандығы бойынша білім алып жатқан жастар. Ерсұлтан Орынбек Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің 4 курс студенті. Мамандығы - сәулетші. Түркістандағы құрылысқа тәжірибе жинау мақсатында келген. Енді жазғы демалысын осында өткізбек.

Ерсұлтан Орынбек, студент:

- Құрылыс өте қарқынды жүріп жатыр. Көз алдымызда бірнеше этаждар көтеріліп жатыр. Бұл бір жағынан өзімізге де сабақ. Себебі өзім сәулетші болғаннан соң, кірпіштің қалай қалануын бәрін өз көзіммен көріп, практика ретінде өте жақсы сабақ болды.

Ал, құрылыс басында жүрген Бағила Құрбанованың мамандығы дәрігер. Бірақ соған қарамастан барлық саладан хабардар болғысы келеді. Кезкелген шаруаны көзбен көріп,  қолмен істеп үйренуді алдына мақсат етіп қойған. Болашақ дәрігер құрылыс тек ер азаматтың кәсібі дегенге келіспейді.

Бағила Құрбанова, студент:

- Осында қызығушылық танытып, келгеніме ешқандай өкінбеймін. Себебі барлық жағдай жасалған. 3 мезгіл тамағымыз беріледі. Жұмыс істеймін деген студенттерге жатақханамен қамтамасыз етілген. Уақытша жұмыс алдағы уақытта өзімнің тәжірибеме де көмектеседі.

Есжан есімді мына жас жігіт құрылыс саласын бес саусағындай біледі. Жұмысқа келгеніне 2 апта болса да, бәрін меңгеріп, үйреніп алған. Өйткені тәжірибесі бар. Мамандығы да құрылысшы. Қазір біткен нысандардың ішкі әрлеу жұмыстарымен айналысып жатыр.

Нұрша Есжан, студент:

- Болашақ жастардың қолында. Мен құрылыс саласынан біраз тәжірибе жинақтап жатырмын. Алда өзімнің ерекше идеяларыммен құрылыс нысандарының жобасын жасаймын.

Тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекеме жоғарғы оқу орындарымен келісім шартқа отырған. Қазір мұндағы құрылыс алаңында  200-ге жуық жас еңбек етіп жатыр. 

Айдос Кенжебаев, мердігер мекеме басшысының орынбасары:

- Бүгінгі таңда Түркістандағы Сырдария Тұрғын үй кешені аумағында 15 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетіннен 120, Қазақ-Түрік университетінен 40 адам келіп, жұмыс істеп жатыр. Олардың басы бөлігі құрылыс пен сәулетші мамандығында оқиды.

Нұрсұлтан Жұмашбек, облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының бас маманы:

- Бұларға 60 пен 90 мың арасында жалақы төленеді. Жұмыс деңгейі мен істеу қабілетіне байланысты үстемақы төленіп отырады. Олар тек жұмыс істеп ғана қоймайды, демалыс күндері студенттердің арасында стпорттық ойындар өткізетін боламыз.

Құрылысшы жастардың өз уақытын тиімді өткізуі үшін облыстық  Жастар ресурстық орталығы түрлі іс-шара ұйымдастыруды қолға алмақ. Мұнда студенттердің шығармашылықпен айналысуына да жағдай жасалған. Енді қыркүйектің 1-не дейін 3 600-ден астам студент жас құрылыс жасағының құрамында еңбек етеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы