389,96 432,20 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда субұрқақтар саны көбейіп келеді

  • 287
  • UPD: 15:18, 09.07.2019

Алматы субұрқақтар қаласы деген теңеуге әбден лайық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі таңда шаһар аумағында 125-тен астам фонтан және фонтан ансамблі бар. Олардың жартысынан астамы коммуналдық меншікте болса, қалғандары жекелеген компанияларға тиесілі. Жыл санап субұрқақтардың саны да артып келеді.

Бұл фонтан «Шығыс күнтізбесі» деп аталады. Жоба сонау 1979 жылы қолға алынған. Қола мүсіндер Алматы электромеханикалық зауытта құйылған. Қазақтың жыл санау жүйесіне енген 12 аң күнді жағалай орналасқан. 25 мамыр Алматы қаласында фонтандар күні аталып өтеді. Дәл осы күні қаладағы барлық субұрқақтар іске қосылып, қоңыр күзге дейін жұмыс істейді.

Анна Рубинштейн, қала тұрғыны:

– Ағам екеуміз Әуезов театрының алдындағы фонтанда көп ойнайтын едік. Суға сүңгіп, құбырлардың арасында шомылатынбыз. Ол алаңсыз күндер еді ғой. Қазір ойлап қарасам қорқынышты. Өзіміз есейдік. Бүгінде балаларымды фонтанға жиі әкеліп тұрамын. 

Альфия Байахмет, колледж түлегі: 

– Мынадай ыстықта адамдарға пайдасы өте керемет. Және өтіп бара жатқан адам шомылып та жатады. Түсіп ойнап, қызықтап та жатады. Және де шеттен келген, сырттан келген адамдарға ерекше әсер береді деп ойлаймын.

Аружан – Ақтөбеден Алматыға арман қуып келген жастардың бірі. Бойжеткен болашақта режиссер болғысы келеді. Алып шаһар заңғар биік тауларымен және соңғы үлгідегі фонтандарымен баурап алғанын айтады.

Аружан Әлімжанова, талапкер:

– Алматы – өте көрікті қала. Сонымен қатар фонтандар өте көп. Соның ішіндегі осы фонтанды өте жақсы көремін. Себебі, онда жүруге болады, ойнауға болады.

Алматылықтар үшін ерекше орынның бірі – «Аққу» фонтаны. Бұл жерде кезінде шынында да аққулар жүзген. Бірнеше жыл бұрын құбырлар жүргізіліп, субұрқақ қайта қалпына келтірілді. Ел арасында бұл «махаббат фонтаны» деп те аталады.

Неке құрған жастар жұптасқан қолдарымыз жазылмасын деген ырыммен осы жерге келіп, мынандай құлыптарды тағады. Күннен-күнге құлпылардың көбейіп келе жатқанын айта кеткен жөн. Мысалға, Ерлан мен Айнұрдың құлпы. Міне, жазуы көмескіленіп, өше бастапты. Ал мынау Олжас пен Айжан таққан құлпы. Екі жас 2012 жылы шаңырақ көтерген екен. Содан бері балалы-шағалы болып, еліміздің үлгілі отбасына айналғанына кәміл сенімдіміз.

Соңғы жылдары Алматыда дәстүрлі бассейнді фонтандармен қатар «құрғақ субұрқақтар» көптеп іске қосылуда. Түрлі-түсті шамдармен көмкерілген заманауи фонтандар әсіресе кешкі уақытта қаланың ажарын аша түседі. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы