389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде 9 субұрқақ жұмыс істемей тұр

  • 318
  • UPD: 15:18, 09.07.2019

Ақтөбеде субұрқақтардың жартысына жуығы істемей тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы бөлінгенімен, бірақ жауапты өкілдер белсенділік танытпай отыр. Себебі кейбір қажетті материалдар тек шет елде сатылатын көрінеді. Дегенмен жергілікті билік өкілдері көп ұзамай олқылықтың орнын толтырамыз деп уәде берді.

Гүлфия Әмірғалиева өз үйіне жақын маңдағы су бұрқағының жұмыс істемей тұрғанына өкінеді. Әдетте үш баласын ертіп жаздың кейбір ыстық күндерінде осында келетін. Ал биылғы маусымда оның әлі іске қосылмағанын түсінбей жүр. Оған қоса, бұл субұрқақ қаланың көрікті жерлерінің бірінде тұр.

Гүлфия Әмірғалиева, қала тұрғыны:

– Қазір енді ыстық дала. Фонтан бұрыннан істемей тұр. Былтырлары істеп тұрған. Балабақшадан келе жатқанда үнемі осы жерде отырып демалатын едік, кешке жақын. Биыл фонтан жоқ. Қызық емес болып кетті.

Биылғы жазда Ақтөбедегі субұрқақтардың барлығының бірдей іске қосылмағаны рас. Бұлар Сазды өзеніндегісі су деңгейінің төмендігіне байланысты тоқтап тұр. Ал қаланың 140 жылдығына орай салынған сулы-жасылды бульвардағы үлкен субұрқағында әлі жөндеу жүріп жатыр. Ақтөбенің Арбатында орналасқан және әуенді субұрқағы тек белгілі уақыттарда ғана жұмыс істейді.

Ал жауапты мекеме өкілдері туындаған мәселенің алдағы уақытта шешілетінін айтады. Қазір тозығы жеткен субұрқақтарды жөндеу үшін 17 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Негізінен жерасты құбырлары мен өзге де қажетті материалдарын ауыстыру керектігін айтады.

Дастан Әжібаев, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

– 9 субұрқаққа жөндеу жүргізіп жатырмыз. Олардың көп материалдары Қазақстанда жоқ. Мысалы, су астындағы кабельдердің өздері басқа елден тапсырыс беріледі.

Бүгінде қала бойынша 22 су бұрқағы болса, оның 9-ы жұмыс істемей тұр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы